Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының типтік қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулерді ұсынды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп хабарлады.
Жаңа талаптарға сәйкес, шетелдік оқу орындарынан ауысатын немесе қайта қабылданатын студенттер өздері оқыған пәндер мен оқу нәтижелері көрсетілген транскриптті, сондай-ақ ҰБТ немесе КТ сертификатын тапсыруы қажет. Сертификаттағы балл тиісті білім беру бағдарламалары үшін белгіленген шекті деңгейден төмен болмауы тиіс.
Егер студентте ҰБТ немесе КТ сертификаты болмаса, жоғары оқу орны оны бір академиялық кезеңге шартты түрде қабылдай алады. Осы уақыт ішінде білім алушы емтихан тапсырып, қажетті шекті балды жинауы керек. Талап орындалған жағдайда ғана оқуын жалғастыруға мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар, әлемдік академиялық рейтингтердің ТОП-700 тізіміне кіретін немесе ЭЫДҰ елдерінің ұлттық рейтингтерінде ТОП-100 қатарына енген жоғары оқу орындарынан, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік университет филиалдарынан ауысатын студенттер үшін ҰБТ немесе КТ тапсыру міндетті емес.
Бұдан бөлек, докторанттарды диссертация қорғауға жібермес бұрын жоғары оқу орындары оларды уәкілетті органның цифрлық жүйесінде тіркеуі тиіс.
Министрліктің мәліметінше, енгізілетін өзгерістер білім алуға тең мүмкіндік жасауға және елге бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.
Құжат 30 сәуірге дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауда болады.
