Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда вице-президент лауазымының қашан тағайындалатынына қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Tengrinews.kz порталына сілтеп хабарлады хабарлады.
Журналистер сауалына жауап берген ол вице-президент институтын енгізу мәселесі жаңа Парламент – Құрылтай жасақталғаннан кейін қарастырылатынын айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституцияға сәйкес, вице-президентті Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды.
Әшімбаев бұл шешімдердің барлығы Конституцияда нақты көрсетілгенін атап өтіп, түпкілікті шешім Мемлекет басшысының құзырында екенін жеткізді.
Айта кетейік, вице-президент институты жаңа Конституцияда бекітілген. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымға қатысты шешім мен оның өкілеттіктерін айқындау құқығы Президентке тиесілі болатынын айтқан еді. Сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енетіні, ал Құрылтай сайлауы тамыз айында өтетіні хабарланған.
