Қазақстанда танымал Coca-Cola брендімен жалған өнімдердің сатылғаны анықталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Tengrinews.kz порталына сілтеп хабарлады.
Шымкент қаласында контрафактіге қарсы тексеру The Coca-Cola Company компаниясының ресми шағымынан кейін жүргізілген. Әділет министрлігі қала базарларында күмәнді сусындардың сатылғанын растады.
Тексеру барысында Coca-Cola атауымен шығарылған, бірақ өндірушінің рұқсатынсыз дайындалған өнімдердің ірі партиясы анықталған. Сондай-ақ сусындардың таңбаламасы жалған екені белгілі болды.
Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы негізінде әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.
Министрлік мұндай контрафактілік өнімдердің тек брендке ғана емес, тұтынушылардың денсаулығына да қауіп төндіретінін атап өтті. Себебі олар көбіне санитарлық талаптар сақталмай дайындалады.
Ведомство кәсіпкерлерге жалған өнімдерді сатқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, мұндай тексерулер алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.