16 сәуір кешінде Алматы қаласының Бостандық ауданында лай көшкіні тіркелді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Оқиға Ремизовка аумағында болған. Куәгерлердің айтуынша, жоғары жақтағы жолдан опырылған топырақ төменгі жолға құлаған.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, хабар 112 нөміріне сағат 18:10-да түскен. Оқиға орнына жедел түрде құтқару қызметтері, «Қазселденқорғау» мекемесі және ТЖД мамандары барған.
Мамандардың алдын ала бағалауынша, жауын-шашын салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, шамамен 300 текше метр лай-топырақ массасы төмен қарай жылжыған. Соның салдарынан бір ғимараттың шатыры зақымданған, алайда зардап шеккендер жоқ.
Салдарын жою жұмыстарына 40-қа жуық адам мен 10 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр, ал аумақта құтқарушылар мен полиция қызметкерлері кезекшілік етуде.
ТЖД тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті. Атап айтқанда, топырақтың артық ылғалдануына жол бермеу үшін герметикалық емес септиктерді, ашық шұңқырлар мен көше әжетханаларын пайдаланбау ұсынылады.
Сонымен қатар, жеке үй иелері мен бау-бақша серіктестіктеріне суару жүйелері мен кәріз, дренаж желілерінің жағдайын бақылауда ұстап, аумақта су жиналмауын қамтамасыз ету қажет екені айтылды.
Мамандардың сөзінше, бұл талаптарды сақтау топырақ көшкіні қаупін азайтуға мүмкіндік береді.