Маңғыстау облысының Сенек ауылында құм көшкінінің алдын алуға бағытталған экологиялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты qazaqstan.tv арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, елді мекен аумағында шамамен 45 мыңға жуық сексеуіл мен жүзген көшеттері отырғызылған. Өсімдіктердің жақсы жерсінуі үшін құм бетіне кепкен қамыс төселіп, арнайы қорғаныш белдеулер жасалуда. Бұл тәсіл көшеттерді құм басып қалудан қорғауға мүмкіндік береді.
Сенек ауылы облыс орталығынан шалғай орналасқан, мұнда шамамен 1700-ге жуық түтін бар. Елді мекен бір жағынан таумен, екінші жағынан құмды алқаппен шектеседі. Мамандардың айтуынша, қозғалмалы құм жолағының ұзындығы 8 шақырымнан асады.
Бұған дейін құм көшкіні салдарынан ауыл маңындағы бейіттер, ескі мектеп пен кейбір тұрғын үйлерге зиян келген. Осыған байланысты сексеуіл отырғызу жұмыстары шамамен 20 жыл бұрын басталған, ал қазіргі жоба сол бастаманың жалғасы болып табылады.
Агрономдардың түсіндіруінше, құмның жылжуы оның ұсақ құрылымы мен желдің тұрақты әсеріне байланысты. Сондықтан шөптесін және бұталы өсімдіктер отырғызу арқылы құмды бекіту көзделіп отыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, соңғы жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде құмның қозғалысы баяулаған.
Жоба 5 жылға жоспарланған және шамамен 100 гектар аумақты қамтиды. Мамандар өсімдіктер толық бейімделгенге дейін аумақты тұрақты бақылауда ұстамақ.