Жаңалықтар

«Қазақмыс Барлау» Ұлытау облысында 16,6 мың погондық шақырым аэрогеофизикалық түсірілім жүргізді

Ұлытау облысында жер қойнауын зерттеуге бағытталған заманауи геологиялық барлау жұмыстары жалғасып жатыр. «Қазақмыс» тобының құрамындағы «Қазақмыс Барлау» компаниясы өңірдегі үш учаскеде аэрогеофизикалық зерттеу жүргізіп, осы уақытқа дейін 16,6 мың погондық шақырымға жуық түсірілім орындады. Зерттеу жұмыстары жалпы 6,1 мың шаршы шақырым аумақты қамтыды, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Зерттеулер Қазақстанда биыл басталған 1:50 000 масштабтағы екінші буындағы мемлекеттік геологиялық барлау бағдарламасы аясында жүргізілуде. Мемлекет бұл бағдарламаны 2026–2028 жылдары іске асыруға 110 млрд теңге бөлуді жоспарлаған. Бағдарламада аэрогеофизикалық зерттеулер маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылған. Мұндай әдіс кең аумақтар туралы заманауи геологиялық ақпаратты қысқа мерзімде жинауға мүмкіндік береді.

«Қазақмыс Барлау» жалпы көлемі шамамен 33,6 мың шаршы шақырым болатын аумақты кешенді геофизикалық зерттеуді жоспарлап отыр. Жұмыстар кезінде аэромагниттік түсірілім, аэрогамма-спектрометрия және аэрогравиметрия әдістері қолданылады. Бұл тәсілдер арқылы жер қойнауының геологиялық құрылымын зерттеп, кейінгі барлау жұмыстарына қызығушылық тудыратын учаскелерді анықтауға болады.

Ұлытау облысындағы жұмыстар үш учаскеге бөлінген. «Ұлытау №1» аумағында 7,1 мың погондық шақырым түсірілім жасалып, 2,8 мың шаршы шақырым жер зерттелді. «Ұлытау №2» учаскесінде 4,6 мың шақырым түсірілім жүргізіліп, 1,6 мың шаршы шақырым қамтылды. Ал «Ұлытау №3» учаскесінде 4,9 мың шақырымдық түсірілім нәтижесінде 1,7 мың шаршы шақырым аумақ зерттелді.

Осы үш учаскедегі жұмыстардың нәтижесінде қазірдің өзінде 16,6 мың погондық шақырымға жуық аэрогеофизикалық түсірілім орындалып, 6,1 мың шаршы шақырым аумақ қамтылды. Зерттеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.

Жиналған геофизикалық ақпарат келесі кезеңде өңделіп, мамандар тарапынан талданады. Аэромагниттік, гамма-спектрометриялық және гравиметриялық деректерді кешенді салыстыру жер қойнауының құрылымын нақтылауға және одан әрі егжей-тегжейлі іздеу жұмыстарын жүргізуге болатын учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді.

Жүргізіліп жатқан аэрогеофизикалық зерттеулер өңірдің ресурстық әлеуетін бағалауға қажетті заманауи деректер базасын қалыптастыруға бағытталған. Алынған нәтижелер кейінгі геологиялық барлау кезеңдерін жоспарлау кезінде пайдаланылып, Қазақстанның минералдық-шикізат базасын кеңейтуге негіз болуы мүмкін.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button