«Қазақмыс» корпорациясының Қауіпсіздік департаменті мен Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген бірлескен шаралардың нәтижесінде кәсіпорындарға тиесілі жанар-жағармай материалдарын заңсыз иемдену және өткізу схемасы әшкереленді, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.
Тексеру барысында «Қазақмыс» кәсіпорындарына тиесілі дизель отынын заңсыз сатып алу, сақтау және кейіннен сату фактілері анықталды. Тергеу нәтижесінде бұл іске бірнеше адамның қатысқаны белгілі болды. Олардың арасында Tranco Express еншілес компаниясының жекелеген қызметкерлері де болған.
Жедел-тергеу іс-шаралары кезінде жалпы құны 20 млн теңгеден асатын 10 тоннадан астам дизель отыны тәркіленді. Тергеу нұсқасына сәйкес, заңсыз иемденілген жанармай үшінші тұлғаларға жалған тауар-көлік құжаттарын рәсімдеу арқылы өткізілген.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілердің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 233-1-бабы бойынша, яғни заңды шыққанын растайтын құжаттары жоқ мұнай және мұнай өнімдерін табыс табу мақсатында иемдену, сақтау және өткізу ретінде сараланды.
Іс сотқа жолданып, барлық тұлға жауапқа тартылды. Жезқазған қалалық сотының шешімімен оларға әртүрлі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімімен қатар құқық бұзушылық кезінде пайдаланылған көлік құралдары мен мұнай өнімдерін сақтауға және тасымалдауға арналған ыдыстар да тәркіленді.



