Ұлытау облысында жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы басталды. Жезқазған және Сәтбаев қалаларында жалпы саны 300 пәтер болатын көпқабатты үйлердің іргетасы қаланды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Жаңа нысандарды «QazaqStroy» компаниясы тұрғызады. Жобалар қалалардың қазіргі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымымен үйлестіріліп, тұрғын үйлердің айналасы да кешенді түрде абаттандырылмақ.
Жезқазған қаласында жалпы 240 пәтерге арналған бес қабатты жеті үй салынады. Оның бесеуі екі кіреберісті болса, қалған екеуі бір кіреберісті болады. Тұрғын үйлердің барлығы жертөле бөлмелерімен жабдықталады.
Ал Сәтбаевта 60 пәтерлі бес қабатты бір тұрғын үй бой көтереді. Мұнда аула аумағын абаттандырумен қатар, балалар және спорт алаңдарын, автотұрақтар мен демалыс орындарын орналастыру жоспарланған. Сонымен бірге аумаққа көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Жобалау кезінде тұрғындардың қауіпсіздігіне, ғимараттардың энергия тиімділігіне және қолайлы өмір сүру жағдайына басымдық берілген.
Құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланып отыр.



