Жаңалықтар

Ұлытау облысының әкімі «Қазақмыс» нысандарындағы жобалардың жүзеге асу барысымен танысты

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен «Қазақмыс» Тобының Ұлытау өңіріндегі өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарын аралады. Делегация құрамында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен компания басшылары болды.

Сапар аясында өңір басшысы Батыс Жезқазған кенішінің №67 шахтасында болып, кен өндіру үдерісімен, жерасты техникасының жұмысымен және өнеркәсіптік қауіпсіздік шараларымен танысты.

Делегация сондай-ақ «Қазақмыс Барлау» ЖШС жүргізіп жатқан геологиялық барлау жұмыстарының барысын көрді. Компания өңірдің минералдық-шикізат қорын толықтыру мақсатында ауқымды барлау бағдарламасын іске асыруда. Оның аясында 50 мың қума метрден астам бұрғылау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Сапар барысында Сәтбаев қалалық ауруханасы жанынан салынып жатқан травматологиялық пункттің құрылысы таныстырылды. Жоба тұрғындар мен өндіріс қызметкерлеріне шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Облыс әкімі Сәтбаев қаласындағы Кенші даңқы алаңын жаңғырту жұмыстарымен де танысты. Жаңартылған қоғамдық кеңістік мәдени іс-шаралар өтетін әрі кеншілер еңбегіне құрмет көрсететін маңызды орынға айналмақ.

Сонымен қатар делегация салынып жатқан геологиялық кластердің жобасын көрді. Жоба «Ұлытау университетімен» бірлесіп жүзеге асырылып, тау-кен саласына қажетті жоғары білікті мамандар даярлауға арналған ғылыми-білім беру орталығын қалыптастыруды көздейді.

Бағдарлама аясында NAMYS спорт кешеніне де барылды. Мұнда 150–200 балаға арналған балалар мен жасөспірімдер спорт академиясын ашу жоспары таныстырылды. Құны 8,1 млрд теңге болатын жобаны 2026 жылдың қыркүйегінде іске қосу көзделген.

Сондай-ақ облыс басшысы «Жастар» саябағын қайта жаңғырту жобасының барысымен танысты. Құны 4,9 млрд теңге болатын жоба аясында жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары, субұрқақтар, балалар алаңдары салынып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жобаны 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар Ұлытау облысында өнеркәсіп, геологиялық барлау, әлеуметтік инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру бағыттарындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін мәлімдеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button