Жаңалықтар

«Жыланды» және «Нұрқазған» кеніштері заманауи бұрғылау техникасымен жабдықталды

«Қазақмыс» өндірістік кәсіпорындарындағы техникалық жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Осы бағытта «Жыланды» және «Нұрқазған» кеніштеріне жерасты жағдайында терең ұңғымаларды бұрғылауға арналған екі заманауи Sandvik DL431 қондырғысы жеткізілді, деп хабарлайды QANDASTAR.

Жаңа техника бұрғылау жұмыстарының өнімділігі мен дәлдігін арттырып, тазарту блоктарын сапалы дайындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қондырғыларды пайдалану қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Техника әсіресе қатты тау жыныстары бар кен орындарын игеру кезінде қолданылады.

Sandvik DL431 – толық механикаландырылған электрогидравликалық бұрғылау қондырғысы. Ол диаметрі 64-тен 115 миллиметрге дейінгі ұңғымаларды 54 метр тереңдікке дейін бұрғылай алады. Қондырғы автоматтандыру және жоғары дәлдіктегі позициялау жүйелерімен жабдықталған, оператор үшін қолайлы жұмыс орны қарастырылған.

Жаңа техниканың жеткізілуі «Қазақмыстың» тау-кен жабдықтарын жаңарту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. 2026 жылы компания 22 заманауи бұрғылау қондырғысын сатып алуға 9,9 млрд теңге бағыттады. Жабдықтар өндірістік нысандарға кезең-кезеңімен жеткізілуде.

Техникалық паркті жүйелі жаңарту өндіріс тиімділігін арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button