Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Эльбруста қаза тапқан альпинистердің мысығының тағдыры белгісіз

Эльбрус тауындағы қайғылы оқиғадан кейін қаза тапқан блогер-альпинистермен бірге болған Мачика есімді мысықтың тағдыры қызу талқылануда. Әлеуметтік желілерде қарама-қайшы ақпарат тарағанымен, құтқарушылар жануардың қайда екені туралы нақты мәлімет жоқ екенін мәлімдеді.

Эльбрус тауында болған қайғылы оқиғадан кейін жұртшылықтың назарын қаза тапқан альпинистердің үй мысығы Мачиканың тағдыры аударды. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.

Ресейдің Эльбрус тауында ауа райының күрт бұзылуы салдарынан қар құрсауында қалған Босния және Герцеговинадан келген жеті альпинистің бесеуі қаза тауып, екеуі аман қалған.

Қаза тапқандардың қатарында саяхатшы-блогерлер Альма мен Денис Оканович те бар. Ерлі-зайыптылар «Трио Фантастико» блогын жүргізіп, барлық сапарына Мачика есімді мысығын бірге алып шығатын. Эльбрусқа аттанар алдында олар әлеуметтік желіде Мачиканың Еуропаның ең биік шыңына көтерілмек екенін жазған.

Кейін альпинистер 5100 метр биіктікте қолайсыз ауа райына тап болып, құтқарушылардан көмек сұраған. Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары тірі қалғандарды эвакуациялап, қаза болғандардың мәйіттерін төменге түсірді.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Мачика лагерде қалып, аман қалғаны туралы ақпарат тарады. Кейбір жазбаларда жануарға еріктілер қамқорлық жасап, оны Босния және Герцеговинаға қайтару жоспарланып жатқаны айтылды.

Алайда кейін Босния бұқаралық ақпарат құралдары мысықтың иелерімен бірге болғанын және олардың рюкзагында жүргенін хабарлады. Осыған байланысты Мачиканың да қаза болуы мүмкін деген болжам тарады.

Ресей ТЖМ-нің Эльбрус жоғары таулы іздестіру-құтқару жасағы бұл ақпаратты растамады. Құтқарушылардың айтуынша, олар іздестіру жұмыстары кезінде мысықты көрмеген және оның тағдыры туралы нақты мәлімет жоқ.

Айта кетейік, соңғы бір апта ішінде Эльбрус тауындағы түрлі оқиғалардан жеті адам көз жұмған.

Back to top button