Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қостанайдағы әлеуметтік орталықта бала жұмбақ жағдайда көз жұмды

Қостанайдағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тәрбиеленуші бала қайтыс болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Оқиға 28 шілде күні болған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Динара Қарымсақованың айтуынша, бала оқиға болған күні өзін жақсы сезінген.

«Дене қызуының көтерілуі немесе шағымдар тіркелмеген. Бала белсенділік танытып, түскі асын ішкеннен кейін күндізгі ұйқыға жатқызылған болатын», – деді Динара Қарымсақова.

Ведомство мәліметінше, орталықта тәрбиеленушілерге тәулік бойы күтім ұйымдастырылған. Балалардың жағдайын кіші медициналық персонал үздіксіз бақылап, дәрігерлер күн сайын тексеру жүргізеді. Мекемеде педиатр, невропатолог және өзге де бейінді мамандар жұмыс істейді.

Әлеуметтік желілерде баланың ыстықтан көз жұмғаны және ғимаратта кондиционер жоқ екені туралы ақпарат тарады. Алайда басқарма бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Әр топта кондиционерлер орнатылған. Осы жаздағы ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, әр топта ауыз су ішу және температуралық режимдерді сақтау мәселелері ерекше бақылауға алынған», – деді Динара Қарымсақова.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button