
Азық-түлік бағасы туралы жаңалықтардың арасында жағымдысы да бар.
Тамыз әлеуметтік маңызы бар өнімдердің арзандауымен аяқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ай басынан бері олардың бағасы орта есеппен 0,2%-ға төмендеген.
Ал жыл басынан бері өсім бар болғаны 1,4% болды. Салыстыру үшін: өткен жылдың дәл осы кезеңінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 7,9%-ға қымбаттаған. Яғни биылғы өсім былтырғыдан бес еседен де төмен.
Бағаның төмендеуіне маусымдық өнімдердің нарыққа көптеп шығуы әсер етіп отыр. Әсіресе көкөністің арзандауы жалпы бағаға жақсы ықпал еткен.
Бірақ мәселе тек көкөністе емес. Қазір өнімнің өндірушіден дүкенге дейінгі жолы мұқият зерттеліп жатыр. Себебі тауардың бағасына кейде өнімнің өзі емес, делдалдар, жалдау ақысы мен тасымал шығындары қатты әсер етеді.
Осы тізбекте артық делдалдарды анықтау үшін өңірлердегі азық-түлік нарықтарына арнайы зерттеу жүргізілуде.
Тағы бір қызық көрсеткіш: азық-түлікті теміржолмен тасымалдауға берілетін жеңілдікті тарифті қазір 50-ден астам компания пайдаланып отыр. Осы арқылы 38 мың тонна өнім жеткізілген.
Отандық өндірушілерге де жеңілдік қарастырылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндіретін кәсіпорындар үшін электр энергиясының тарифін 20%-ға төмендету жоспарланған. Бірақ оның орнына өндірушілер өнім бағасын негізсіз көтермеуге міндеттеме алады.
Ал тұрақтандыру қорларына қатысты тәсіл де өзгермек.
Осылайша әзірге азық-түлік бағасында өсім емес, тұрақтану мен төмендеу тенденциясы байқалады. Ендігі міндет – осы үрдісті жыл соңына дейін сақтап қалу.



