
Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында балабақша есепшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оған 30 млн теңгеге жуық қаражатты заңсыз иемденді деген күдік келтіріліп отыр.
Прокуратураның мәліметінше, есепші бес жыл бойы өзіне тиесілі жалақыдан бөлек, қосымша қаражатты өзінің банк шотына аударып келген. Тексеру кезінде бұл төлемдердің негізсіз жасалғаны анықталған.
Қазір аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Іс Қылмыстық кодекстің аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемденуге қатысты бабымен қаралуда.
Егер күдікке ілінген адамның кінәсі сотта дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметтерді атқаруына шектеу қойылуы мүмкін. Сонымен қатар 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Кінәсі сот шешімімен дәлелденгенге дейін күдікті кінәсіз деп есептеледі.



