
Қазақстанның жаңадан сайланған вице-президенті Ерлан Карин қызметіне кіріскеннен кейін халыққа алғашқы үндеуін жасады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол елдегі өзгерістерге тоқталып, қазақстандықтарды бірлікке шақырды.
31 тамызда Құрылтай депутаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Ерлан Кариннің кандидатурасын қолдады. Дауыс беруге қатысқан 145 депутаттың төртеуі қалыс қалған.
Жаңа қызметке сайланған Карин ең алдымен Мемлекет басшысына көрсеткен сенімі үшін алғыс білдірді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда саяси және қоғамдық өмірдің түрлі бағытында ауқымды өзгерістер жүзеге асып жатыр. Карин бұл процесті ел тарихындағы маңызды кезең ретінде бағалады.
Вице-президент жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстан үшін жаңа дәуірдің басталуына жол ашқанын атап өтті. Ендігі міндет – Ата заңда бекітілген құндылықтарды қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.
Карин сондай-ақ өзіне артылған жауапкершілікке тоқталды. Ол қандай қызметте жүрсе де, Президент белгілеген міндеттерді адал орындап, елдің болашағы үшін бар күшін салуға уәде берді.
Сөз соңында вице-президент барлық қазақстандықтарды елдегі өзгерістерді қолдап, Президенттің айналасына топтасуға шақырды.
«Осы тарихи сәтте барлық ел азаматтарын Президентіміздің айналасында топтасып, жұдырықтай жұмыла түсуге шақырамын», – деді Ерлан Карин.



