Әлеуметтік желілерде кішкентай бұзаудың әрекеті көпшіліктің жүрегін елжіреткен видео кеңінен тарады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Видеода жол бойымен келе жатқан Vijaya Dairy сүт өнімдерін тасымалдайтын жүк көлігі көрсетілген. Көліктің артқы бөлігіне сүт беріп тұрған сиырдың үлкен суреті салынған. Сол сәтте жол жиегіндегі кішкентай бұзау суреттегі сиырды өз анасы деп ойлап, оның желініне ұмтылып, сүт ембекші болады.
Бейнежазбаның соңында көзіне жас алған адамның кадры көрсетіледі. Бұл көрініс ана мен төлдің арасындағы табиғи байланысты бейнелеп, жануарлардың да ана мейіріміне зәру екенін еске салды.
Желі қолданушылары видеоға түрлі пікір қалдырып, көпшілігі бұзаудың әрекеті ерекше әсер қалдырғанын жазды. Қысқа уақыт ішінде бейне әлеуметтік желілерде кең тарап, мыңдаған қаралым мен пікір жинады.
