Әлеуметтік желілерде ұлттық спорт шебері Қанат Бақтыбайдың теңге ілу жарысында өнер көрсеткен сәті қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
TikTok желісіндегі @bbb_yelaman парақшасында жарияланған бейнежазбада шабандоздың шауып келе жатқан ат үстінен жердегі теңгені шеберлікпен іліп алған сәті көрсетілген.
Қанат Бақтыбай жарыс барысында жылдамдығы мен ептілігін танытып, 10 ұпай еншілеп, үздік нәтиже көрсеткен. Шабандоз аттың екпінін бәсеңдетпей, денесін төмен түсіріп, жерде жатқан теңгені дәл іліп алған.
Бейнежазба астында желі қолданушылары спортшыны қолдап, оның нәтижесіне оң пікірлер білдірген. Видеоға патриоттық ән де қосылып, қазақстандық көрермендердің ерекше ықыласына ие болған.
Бейнежазба қысқа уақытта көп қаралым жинап, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырды.


