Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Президент вице-президенттің өкілеттіктерін айқындайтын Жарлыққа қол қойды

Ақорда вице-президенттің негізгі міндеттері мен құқықтарын бекітетін Жарлықты жариялады. Құжатқа сәйкес, вице-президент стратегиялық бастамаларды үйлестіріп, Президенттің тапсырмасы бойынша ішкі және сыртқы саясаттағы бірқатар маңызды функцияларды атқарады.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы вице-президентінің өкілеттіктері туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.

Жарлыққа сәйкес, вице-президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты стратегиялық бастамаларды әзірлеп, оларды Президенттің қарауына ұсынады. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен, мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл барысында мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді.

Сондай-ақ вице-президент халықаралық іс-шараларға қатысып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығына жетекшілік етеді. Бұдан бөлек, Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне басшылық жасайды.

Жарлықпен вице-президентке мемлекеттік наградалар, азаматтық, мемлекеттік рәміздер, шетелде кадр даярлау, ғылым, әдебиет және өнер салаларындағы мемлекеттік сыйлықтар, сондай-ақ жастар саясаты мәселелері жөніндегі комиссиялар мен кеңестердің қызметін үйлестіру міндеті жүктелді.

Құжатқа сәйкес, вице-президент өз өкілеттігі шеңберінде өкім шығаруға, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге, мемлекеттік органдардан қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратуға, сондай-ақ ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

Вице-президенттің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де бағыттар бойынша Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button