Оралман куәлігі

Оралман куәлігінің уақыты өтіп кетсе…

Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Оралман мәртебесі яғни оралман куәлігі бір рет қана беріледі. Егер куәліктің уақыты өтіп кеткен жағдайда алты айдың ішінде тағы 3 айға ғана ұзартуға болады. Ал, бұл мүмкіндікті жіберіп алсаңыз, онда сіздің оралман куәлігіңіз мүлдем ұзартылмайды. Енді оралман куәліктің уақыты өтіп, ұзарту мүмкіндігі болмай қалған қандастар қайтпек керек?

Егер оралман куәлігі болмаса, ҚР азаматтығын алуға құжат тапсыра алмайды. Міне бұл көші-қон заңының қандастар арасында қиындық туыдырып отырған кедергілердің бірі. Себебі, кейбір оралман бауырларымыз ықтияр хат пен оралман куәлікке құжатты бір мезгілде тапсырады екен. Нәтижесінде, оралман куәлік тез шығып, ықтияр хаты дайын болғанша жыл өтіп кеткен жағдайлар өте көп. Салдарынан оралман куәліктің уақыты өтіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құжат тапсыра алмай қиналып жатады. Бұдан бөлек, Қытайдан келген қандастарымыз Қытайдан Қазақстанға шығарда виза уақытынан тыс, жергілікті үкіметке “екі-үш ай мерзімде қайтып келеміз” – деп, қолхат жазып қалдырады екен. Егер сол үш ай мерзімде қайтпаған жағдайда сол жақта қалған туыстарын қамауға алады. Осы келісім хаттың кесірінен Қазақстанға келіп, ықтияр хат пен оралман куәлікке құжат тапсырып қайтып кетуге мәжбүр болатындары қаншама? Алайда Қытай үкіметі қайтып барған қандастарымыздың құжаттарын жинап алып, екі-үш жыл Қазақстанға шығармайды. Осы аралықта әлгі Қазақ елінде жинап кеткен құжаттары дайын болып қана қоймай, уақыты өтіп кететін көрінеді. Бұдан тыс, қандастардың өздері де құжат мәселесіне салғырт болса керек. Оған криллицаға сауатсыздығын қосыңыз. Арадағы делдалдардың “қызметі” тағы бар. Дәл осындай көптеген кедергіліктер ақыр аяғында құжаттарының уақыты өтіп кетуге әкеліп тіреледі екен.

Біз бұл мәселені қандастармен тікелей аралсу, жиналыстар өткізу барысында анықтадық. Тіпті бүгінгі таңда “Адырна” бірлестігінің атына келіп түскен өтініш хаттарда есеп жоқ. Оған түрткі болған Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тікелей қолдауымен қолға алынып отырған “Отан оттан да ыстық” жобасы. Жоба басталғалы бері оралман куәліктің “жырымен” хат жазып, жедел желіге қоңырау шалғандар қаншама? Ендігі мақсат “осы оралман мәртебесі керек пе?” – деген түйткілді сауалға жауап іздеу. Сол арқылы еліміз азаматтығын ала алмай жүрген көптеген қандасымыздың мәселесіне жұрт назарын аударту болмақ.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close