Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Ақтөбедегі әкімдік ғимаратындағы өрт: тергеу басталды

Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимаратында болған өрт толықтай сөндіріліп, қазіргі таңда жағдай тұрақты әрі толық бақылауға алынған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаров мәлімдеді.

Аймақ басшысының айтуынша, ең бастысы – оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген, медициналық көмекке жүгінгендер тіркелмеген.

Өрт кезінде Төтенше жағдайлар қызметі жедел әрекет етіп, оқиға орнына небәрі 5 минут ішінде жеткен.

Алғашқы сәтте ғимарат ішінде үш бірдей ашық жану ошағы анықталған.

Құтқарушылар бірден өрт сөндіру жұмыстарын бастап, судың үздіксіз берілуін қамтамасыз еткен.

Тілсіз жаумен күрес бірқатар қиындықтарға қарамастан жүргізілді.

140-тан астам қызметкер мен 40-қа жуық техника жұмылдырылып, өрт 300 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, ғимараттың тек шатыры жанған. Алтыншы қабаттағы кабинеттердің зақымдануы айтарлықтай емес. Қазіргі уақытта нысанның техникалық жағдайын бағалау үшін сарапшылар тартылған.

Сонымен қатар:

• мемлекеттік қызметтер уақытша онлайн форматта үздіксіз көрсетілуде;

• түстен кейін қызметкерлердің бір бөлігі жұмыс орындарына оралады;

• қалпына келтіру жұмыстарының нақты жоспары әзірленуде.

Өрттің шығу себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Аймақ басшысы барлық жұмыстар өзінің жеке бақылауында екенін атап өтіп, ақпараттың тұрақты түрде жарияланып отыратынын жеткізді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button