Әлеумет және қоғам

Алматыда “STOP бұзушылық” шарасы аясында мыңдаған заң бұзушылық анықталды

Алматыда жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында өткізілген “STOP бұзушылық” іс-шарасының алғашқы күнінде 2200-ден астам құқық бұзушылық тіркелді. Сонымен қатар 1000-ға жуық көлік айып тұрағына қойылып, самокат пайдаланушылар арасында да жүздеген заң бұзушылық анықталды.

Алматыда 1 сәуірден бастап жолдағы тәртіпті күшейтуге бағытталған “STOP бұзушылық” жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Іс-шараның алғашқы күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2200-ден астам дерегі тіркелген. Полиция өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударып, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы бағытқа шығу және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару жағдайларын анықтады.

Сонымен қатар электр самокаттарын пайдалануға бақылау күшейтіліп, бір тәулікте шамамен 400 құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың самокат басқару фактілері де бар. Осыған байланысты ата-аналарға қатысты тиісті шаралар қабылданды.

Бұдан бөлек, мыңға жуық көлік арнайы айып тұрағына қойылған. Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының айтуынша, бұл шаралардың басты мақсаты – тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, жолдарда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

Қазіргі уақытта қалада жол қозғалысын бақылау күшейтіліп, апаттылық деңгейін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button