ӘдебиетЖаңалықтар

Алтай қазағының ғазалы: Бір көкжалы жортып жүр Алатауда…

 

*Ұларбек Дәлейұлы — 1980 жылы 26 қаңтарда Алтай аймағының Көктоғай ауданында дүниеге келген.

Өлеңдері жас ақындардың «Жапыраққа тұнған тамшылар»(Үш қиян, 2003.ж.), «Жас толқын» (Жалын, 2006.ж.), «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» (2010 ж.), «Азаттық таңындағы азат жыр» (2013ж) қатарлы ұжымдық жинақтарына енген.

«Қанымдағы қасқыр иісі», «Күз жауған соқпақ» атты жыр кітаптарының авторы. *

ЕЛЕС

Баяғыда,
Баяғыда…
Атам марқұм сүйеніп таяғына.
Ажал жайлы бір ауыз сөз қозғасаң,
Қой дейтұғын, әй, бала – қой, оны ма?!
Қой дейтұғын, ашуын басып әрең, (Қандай қырсық шал еді ашуы ерен?)
Топ баланың ішінен батырсынып,
Ертегі айт деп барушы ем қасына мен.
Сәбилерді ақсақал ермек қылып, Бастаушы еді тамағын кернеп тұрып. Кектенгенін айтатын сол ажалға, Майдандасын майданға жерлеп тұрып.
Қос көзінен жас емес, қан аққанда, Кектеніпті ажалға, жаратқанға.
Бастан кешкен батырлық хикаясын,
Аяқтайтын ағарып таң атқанда.
…Ғұмырына басылған қара таңба,
Сол қартымды аңсаймын таң атарда.
Бір көкжалы өмірдің көз жұмыпты,
Бір көкжалы жортып жүр Алатауда…

***

ӘЖЕМНІҢ ИІСІ
Кенеземде бір шөл бар қанбай жүрген, Құрғыр-ау,
Жібімейді таңдай мүлдем.
Бал татыған зәмзәм да баса алмайды, Кезі келсе шараппен алдаймын мен.

Кенеземде бір шөл бар қанбас мәңгі, Медеу етем мен оған жазғы ақ таңды.
Амалым жоқ,
Келмеске бәрі кетіп,
Көңілімнің жайлауын қар басқан-ды.

Қатығын жеп Қазақтың кемпірінің, Ержеткен ем астында елтірінің.
Туған далам тұнжырап қимай қалған,
Алыс жортқан алкеуде бөлтірігін.

Кенеземде бір шөл бар көптен жүрген,
Оның орны өмірден өшкен мүлдем. Шаттығымның сөндіріп жалғыз шамын, Мұңның желі іргемнен еппен кірген.
Сол мені кектендірген, кектендірген…

Осы шөлім қанбай жүр әлі күнге, Таппайды емін бақсың да,
Бәрі мүлде.
Құпиясы тек қана бұл дертімнің,
Марқұм момын Әжемнің қабірінде…

***

Ой буып мен жайлы ғана,
Маңайлап ошақтың қасын.
Сағыныш шерін төктің бе, Ана,
«Ағарып мың құлаш шашың?!»

Тамсанып сүтіңнің дәмін,
Ойланам тағдырым жайлы.
Көрсем де мұңлықтың бәрін,
Дәл сендей сағына алмайды!

Арыма жақтым ба күйе,
Анау бір даңғаза шудан.
…Даңғаза өмірді сүйе,
Өзіңнен қан уыстап туғам.

Бүгінге үмітті жалғап,
Қолым да, жолым да күрмеу.
Тым алыс әкетті алдап,
Ескі үйден басталған сүрлеу.

Түсіріп уайымшыл күйге,
Жауа ма жаңбыры күздің.
Елесі келе ме үйге,
Мен сүйген бақилық қыздың…

Елсіз бір адырға түсіп, Ұйықтаймын сертімді жастап.
…Бір күні жетермін ұшып, Адасқан құстарды бастап…
Қаһары қатты бұл қыстың, Құлазыр қаңтардың түні.

…Сен де ұзақ азапқа түстің, Тым ұқсас Аналар мұңы.
Жатқанмен жолдарды құшып,
Сағыныш аспаны асқақ.
Бір күні жетермін ұшып, Адасқан құстарды бастап…

***

ТҮН. ӨСКЕМЕН. АЛТАЙДЫ АҢСАУ

Ислам Әбішевке

Ескіртіп жыл азабы,
Сарғайтып күн аптабы,
Өзіңмен қайран Алтай,
қауыштым жылап тағы.

Жорықтар шаңын жұтып,
найзасын түтін
шалған,
Түркінің тумасы едім
сен үшін күшін салған.

Қалдырып күнгей бетін
қанша жыл ел аунады,
Ертістің енін бойлап
қанша жыл сел аунады?!

Түрусіз түндігімді
жұлқыды қанша боран,
Іргеме қонды қанша
іңірде шаршаған ән.

Былтырғы кеткен құстар
келді әне,жолаушылап,
Соңғы құс мен іздеген
мұңлығым сол-ау, сірә…

Есімде:
Сол бейбақтың қадірін білмеген түн,
Есімде:
Осы тауда емендер бүрлеген түн.
Жол қарап жүрген шығар жолсызбен кеткен ерге, (Желіккен жетесізі айналып кетті өлеңге).

Күз жауған соқпақ
Шығысқа апаратын ақырғы жол емес бұл,
Батысқа әкететін сапарлар соңы емес бұл!
Алтайдай жүрегі бар, рухы өр, санасы аман,
Ертісім қалды аманат – Ислам аға, саған!
(Ертістей қаны таза, бекзада аға, саған!..)

Іні боп ергендерге жараған ағалыққа, Сыналған адамдығы өткелсіз сан ағыста. Шөлдеген адалдыққа, ездіктен запы ғасыр,
Ер едің аты Ислам, жаны – мәрт, Заты – ғасыл.

Өзінің биіктігі өзіне жара салған,
Тауларым тағы аманат – Ислам аға, саған!

… Ескіртіп жыл азабы,
Сарғайтып күн аптабы,
Өзіңмен қайран Алтай, қауышам жылап тағы.
Мамырда найзағайдың оғына жараланар,
Жүрмейді шың басында алайда, шағалалар…

Сыймаймын дүниеге,
Сыймаймын аспан, жерге,
Мендегі қалғаны тек – өкініш басқан кеуде.
Осылай өкіндіріп өтеді өмір жазған,
Парқым аз менің сірә, мекенсіз қоңыр қаздан.

Еңсемді езеді мұң, басады қорғасындай, Ақшамда жауған жаңбыр бейне бір көз
жасымдай.
Анасы Алтай үшін өлуді бақ санаған,
Еліктеп ертегі еміп, ой алған әфсанадан.

Сенің өр даңқың үшін, семсерлі сертің үшін,
Наркескен намысың һәм қастерлі көркің үшін, Хафизді етіп үлгі ақын боп жаралсам да,
Мен сені бермен әсте жиырма Самарқанға.

Ерлікті, есерлікті серт еткен салты күшті, Іздей ме мынау аспан,
Мекенсіз жалқы құсты?…
…Іңірде туған айды тіреу ғып өз басыммен, Сен үшін жыр жазамын, қайғым һәм көз жасыммен…

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close