Жаңалықтар

Арнаулы мекемелердегі адам құқықтарының материалдық қорғалуы неге төмен?

 

Арнаулы мекемелердегі азаптау мен қатыгездікпен қарау әрекеттерінің алдын алу жүйесін қамтамасыз ететін бұл қызмет әлемдік тәжірибеде тәуелсіз құрал ретінде қарастырылады. Қазақстанда ҰААТ 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзыреті және дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде бекітілгелі бері бұл институттың жұмысы елімізде жандана түсті. Оны азаматтар тарапынан шағым мен өтініштер санының артқанынан-ақ байқауға болады. Мәселен, уәкіл мен оның өкілдерінің және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың атына 2023 жылы 5 773 шағым мен өтініш келіп түскен екен. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 3,1 есе және 2022 жылғы көрсеткіштен 1,5 есе көп. Соның ішінде ҰААТ-та бар.

«Ұлттық алдын алу тетігі — Қазақстандағы мандатты мекемелердің материалдық-тұрмыстық жағдайларын қадағалап, ондағы адамдардың үнін естуге мүмкіндік беретін жаңа тәуелсіз құрал. Бұл бағытта жабық мекемелерде ұсталатын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау жағдайына оң әсер ететін жұмыстар жүргізілуде. Былтыр Ұлттық алдын алу тетігі 461 рет мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдардың 188 қызметкеріне қатысты тәртіптік жауапкершілік шаралары қолданылып, азаптау және басқа да қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлері туралы 160 өтініш қаралды», — дейді Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.

ҰААТ-тың қадағалау құзіретіне кіретін арнаулы мекемелерге: қоғамнан уақытша оқшаулау және бас бостандығынан айыру орындары мен әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар жатады. Олар — Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері, ІІМ және ҰҚК-не бағынысты тергеу изоляторлары, Қорғаныс министрлігіне бағынысты гауптвахталар, уақытша ұстау изоляторлары, қабылдау-бөлу орындары, психикалық денсаулық орталықтары, балалар үйлері, интернат үйлері, жасөспірімдер үйлері, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттар және тағы басқалар. Бұл ұйымдар мен мекемелерде жалпы саны 3 мыңнан астам адам бар. Осы аталған орындарға олар еш кедергісіз, алдын ала бара алады. Өйткені, ҰААТ қатысушылары өз қызметін мемлекеттік органдардан тәуелсіз атқарады және олардың құқықтары қолданыстағы заңнамада бекітілген.

«Азаптаулар мен қатыгездікпен қарау әрекеттерінің алдын алу мақсатында бару іс-шаралары үш сипатта жүргізіледі. Бірінші, кезеңдік алдын ала бару, бұл — 4 жылда бір рет, екінші, аралық алдын ала бару, кезеңдік барулар арасында және үшінші, арнайы алдын ала бару, азаптау немесе қатыгездікпен қарау туралы хабарлама түскен кезде жүзеге асырылады. Одан бөлек тақырыптық алдын ала бару деген де түрі бар. 2023 жылы ҰААТ қатысушылары 461 алдын ала бару жүргізіп, нәтижесінде уәкілетті мемлекеттік органдарға 3 мыңнан астам ұсынымдар жолдады. Олар — ұлттық құқықтық базаны жетілдіру, ұйымдар мен мекемелерде адамдарды ұстау жағдайларын жақсарту, жаңа үлгілік ғимараттар салу, сондай-ақ күрделі және косметикалық жөндеу жүргізу туралы. Жоғарыда атап өткенімдей, алдын ала барулардың 422 жоспарлы, 33-і арнайы және 6-ы тақырыптық сипатта болды. Соның ішінде ең көп қамтылған мемлекеттік органды айтар болсақ: ішкі істер саласында – 241, білім беру бойынша – 104, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары – 66, денсаулық сақтау – 45, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларында — 2 мекеме», — дейді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ұлттық алдын алу тетігі бөлімінің меңгерушісі Сабыржан Сейтжанов.

Бүгінгі таңда ҰААТ-қа қатысушылары саны 134 адамнан тұрады. Әр өңірде өзінің жеке топтары, әр топтың өз басшысы болады. Сапалық құрамы туралы айтар болсақ, олар — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі қызметті іске асыратын қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер және дәрігерлер. Мәселен, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының мүшелері, «Қадір-қасиет» ҚБ-нің директоры А. Ибраева, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Ж. Ұзақбаева, дәрігер-психиатр С. Молчанов және басқалар бар. Өз кезегінде, ҰААТ қызметін үйлестіру Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанынан құрылған Үйлестіру кеңесі арқылы қамтамасыз етіледі.

Жетістіктер де, кемшіліктер де бар

Мамандардың айтуынша, ішкі істер, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі саласында азаптау және қатыгездікпен қараудың алдын алуға бағытталған жұмыстардың оң нәтижесі ретінде ҚАЖ тергеу изоляторлары және мекемелеріндегі медициналық қызмет көрсетудің азаматтық секторға өтуін айтуға болады. Бұл өзгеріс медициналық қызметкерлердің мекеме әкімшілігінен тәуелсіз болуына, медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға ықпал еткен. Бүгінде тергеу немесе түзеу орындарына түскен адамдар бірден дене жарақаттарының бар-жоғына тексеріліп, жарақаттар анықталған жағдайда, тиісті органдарға хабарланады. Тағы бір жайт — аталған мекемелердің барлығында жаппай бейнебақылау орнату жұмыстарының жүріп жатқандығы. Бұл бейнебақылауға облыстық прокурорлар онлайн режимде қашықтан мониторинг жасап отырады. Сондай-ақ, терминалдар орнатылып, сонда ұсталатын адамдардың шағым жасау құқығы кеңейтілген. Бұл — мекемеде тіркеусіз-ақ шағым беруді электрондық сервис арқылы жүзеге асыра алады деген сөз. Ендігі бір жетістік — 2023 жылы азаптау мен қатыгездікпен қарау бағытында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілгені. Атап айтсақ, азаптау мен қатыгездікпен қарау анықтамалары айқындалды, азаптау бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту ұлғайтылды, азаптау фактісі бойынша рақымшылық құқығы берілмейді.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close