
Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы Гүлайым Рахмонова алғаш рет сұхбат беріп, отбасылық өміріндегі маңызды жайттарды ашық айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол сұхбатты журналист Руслан Өтепбайтың YouTube-арнасына берген.
Гүлайым Рахмонованың айтуынша, неке келісімшарты туралы әңгіме 2025 жылдың сәуір айында қозғалған.
Бұған дейін, наурызда отбасы үш баласымен бірге Дубайда демалып қайтқан. Алайда жолдасының бұл ұсынысын ол бастапқыда әзіл ретінде қабылдаған.
«Мен басында күліп, оған мән берген жоқпын. Менің атымда ештеңе жоқ қой.«Ендеше маған кәсіп ашып бер немесе өзіміз тұрып жатқан үйді бер, мен саған неке келісімшартына қол қойып берейін, менен қорқасың ба? Қорықсаң, неге менімен өмір сүріп жүрсің? Сонша бала өмірге келдіә дедім. Бір жағынан өзінің анасының, бауырларының арасында басқа да бір әңгіме болған шығар. Мүмкін, «Ертең сен ажырассаң, сенің дүниеңе таласады» дегендей әңгіме айтқан болуы мүмкін. Барлық отбасында осындай ұрыс болатын шығар деп ойлаймын. Сол себептен «құлағым тыныш болсын, Шавкат егер мені дүние үшін жүрген адам деп ойласа, жазып берейін» деп қол қойдым. Егер соны (неке келісімшартын – ред) алып жаны тыныш болса, бере қояйын деп ойладым», — дейді Гүлайым Рахмонова.
Осылайша жұп неке келісіміне қол қойған.
Құжат шартына сәйкес, ажырасқан жағдайда әрқайсысы өз атына тіркелген мүлікпен ғана қалады.
Рахмонованың сөзінше, оның атында тек жол апатына түскен көлік болған.
«Менің атымда өзім жол апатына түскен көлік қана болды. Мен дүние үшін жүрген жоқпын. Мен оған ештеңем жоқ кезде қосылған адаммын»,- дейді Гүлайым Рахмонова.
Қазіргі таңда олардың арасында ажырасу процесі жүріп жатқаны белгілі болды.
Айта кетері, бұған дейін Гүлайым Рахмонова жол-көлік оқиғасына байланысты сот үкімімен кінәлі деп танылған.
Оқиға 2025 жылғы 27 шілдеде «Алматы–Екатеринбург» тас жолында болған. Тергеу мәліметінше, ол шаршаған күйде көлік басқарып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан көлік аударылып, екі адам қаза тапқан.
Сот шешімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Алайда төрт кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі 5 жылға кейінге шегерілді.



