Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Балқаш көлінде заңсыз балық аулаған тұрғын ұсталды

Қарағанды облысында «Уылдырық шашу» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Балқаш көлінде заңсыз балық аулау дерегі анықталды. Полиция қызметкерлері тыйым салынған құралдарды пайдаланған 36 жастағы ер адамды ұстап, ірі көлемде балық пен құрал-жабдықтарды тәркіледі.

Қарағанды облысында «Уылдырық шашу» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында табиғатты қорғау бағытындағы рейдтер күшейтілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап хабарлады.

9 сәуір күні облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау қызметкерлері Ақтоғай, Қарқаралы, Осакаров және Бұқар Жырау аудандарының полиция бөлімдерімен, сондай-ақ Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің инспекторларымен бірлесіп кең көлемді рейд жүргізді.

Тексеру барысында Балқаш көлінің аумағында, Сарышаған кентінен шығысқа қарай шамамен 25 шақырым жерде орналасқан кәсіпшілік учаскелердің бірінде заңсыз балық аулау фактісі анықталды. Жедел шара нәтижесінде 36 жастағы ер адам моторлы пластик қайықпен, қажетті рұқсат құжаттарынсыз және тыйым салынған ау құралдарын қолданып балық аулап жатқан сәтінде ұсталды.

Оқиға орнынан пластик қайық, Yamaha 85 аспалы қозғалтқышы, ұзындығы шамамен 2000 метр болатын балық аулау торы және 79 келіге жуық балық тәркіленді.

Алдын ала мәлімет бойынша мемлекетке келтірілген шығын 671 мың теңгеден асады. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Back to top button