Жаңалықтар
«Барысты» Мамин асырасын, жиған-тергені бар шығар». Клубтарды қашанғы мемлекет қаржыландырады?
Фото: hcbarys.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруды тоқтатып, басымдықты бұқаралық спорт түрлеріне беруді айтқан. Соңғы кездері сүреңсіз ойынымен көпшіліктің көңілін қалдырып жүрген клубтар шынымен де мемлекеттен ақша алуға лайық еместігі талай рет айтылып келеді. Футбол клубтарымыз еурододаларда көпке бармайды, ал «Барыстың» ҚХЛ-да жарытып жүргені шамалы, деп хабарлады qandastar.kz 1bol.kz сілтеме жасап.
Кеше ғана өз айдынында «Торпедодан» 1:10 болып ұтылғанын, тіпті ресейлік басылымдар елордалық ұжымды «өлі» клуб деп жатқанын бұған дейін жаздық. Ашуға булыққан жанкүйерлер ойын соңында қарсылас команданың атауын айтып, соларға қошемет көрсетті. Осы орайда қазақстандық журналист Михаил Козачков кәсіби спорт клубтарын мемлекеттік қаржыландырудан ажыратуды қолдап жазба жариялады.
«Бізге «Барыстың» не үшін керек екенін түсінбеймін. Бұрын оны еліміздегі саяси беделі мықты Асқар Маминнің ойыншығы дейтін. Қазір Мамин Ұлттық олимпиада комитетінен басқа еш жерде жұмыс істемейді. Бірақ «Барыс» бәрібір ел бюджетінен миллиардтап қаржы алып отыр. Елімізде өзге де хоккей клубтары бар, оларға да қомақты қаражат жұмсалып жатыр. Сөйте тұра ерлер құрамасы Олимпиадада қашан өнер көрсеткені есімде жоқ, біз іріктеуден де өте алмаймыз ғой», – деп жазды Козачков.
Тілші футбол клубтарындағы жағдай да көңіл көншітпейтінін алға тартты. Төрешілікке қатысты дау әлі де өзекті.
«Футболды алайық, Қазақстан чемпионатының әрбір турында төрешілікке қатысты кикілжің туындайды. Төрешілерді кім сатып алатынынан шатасып кеттім: «Елімай» ма, «Астана» ма, әлде «Ақтөбе» ме? Бұл жақта да бәрі салық төлеушілер есебінен», – деп қосты ол.
Козачков миллиардтап ақша жұмсалып жатқан теннисшілерден де пайданың көп еместігін алға тартты.
«Тағы бір мысал, Болат Өтемұратовтың теннисшілері олимпиада алдында аяқ астынан ауырып қалды, оларға мемлекет 2022 жылға дейін қаржы құйып отырды.
Кәсіби спортшыларға қанша қаражат кетіп жатқанын тіпті елестете де алмаймын. Бұрын «Самұрық-Қазына» жылына барлық жобаға 100 миллион доллар беретіні айтылатын. Яғни танымалдылықты арттыру үшін велошабандоздар мен хоккейшілерге төлеу керек, олар бізді халықаралық аренада танытып жүр деген сылтау еститінбіз.
Ал қазір Қазақстан өзін бренд ретінде қалыптастырып болды. Астанаға Қытай, Ресей, Түркия басшылары жұмысқа келгендей келіп-кетіп жүр. Франция, Германия басшылары да болды. Халықаралық беделіміз жоғары – бізді құрметтейді, тыңдайды. Іскерлік жағынан қара белбеу бар. Сондықтан елімізді «Астана» велокомандасының жейдесі арқылы жарнамалаудың еш қажеті жоқ.
Ақшаны балаларға арналған спорт секцияларына жұмсау керек, ал спорттық клубтар өздеріне олигарх демеушілер тапсын. «Барысты» Мамин өзі асырасын, жиған-тергені бар шығар», – деп қорытындылады ол ойын.