Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданы аумағындағы Сарыөзен өзенінен ақбөкендердің жаппай өлекселері табылды, деп хабарлайды Qandastar.kz. Мәліметтер “Жетінші” телеарнасына сілтеме жасалған.
Мамандардың айтуынша, бұл жағдай қысқы көші-қоннан кейін әлсіреген жануарлардың табиғи түрде қырылуымен байланысты болуы мүмкін. Қазір олардың өлекселерін жинау және жою жұмыстары жүргізілуде.
Алдын ала деректер бойынша, 1600-ден астам ақбөкеннің өлексесі анықталған. Мұндай құбылыс көктем сайын қайталанып тұрады, кей жылдары олардың саны 5 мыңнан да асып кеткен.
Қазіргі уақытта жануарлардың нақты неден қырылғаны зерттеліп жатыр. Тиісті сынамалар ветеринариялық зертханаға жіберілген. Сонымен қатар, өңірде жануарлар санын есепке алу жұмыстары жоспарланған.
Мамандардың мәліметінше, ақбөкен популяциясы өткен жылы 2,3 миллионға дейін жеткен. Ал биыл олардың санын реттеу шаралары жүргізіліп, ондаған мың бас алынғаны айтылды.