Жаңалықтар

Берекелі бес жыл: Тоқаев Президенттікке келгелі не өзгерді?

 

Тоқаевтың Мемлекет басына келгелі табаны күректей бес жыл толды. 5 жыл — бастаған реформалардың нәтиже көрсете бастайтын уақыты. Әсіресе кредитке байланған қазақ халқының орта және төмен тап өкілдері үшін еліміздегі экономикалық өзгерістер аса маңызды. Сонымен бес жылда шырқау көкке самғадық па, әлде шыңырауға құлдырадық па? Бұл туралы қаржыгер Айбар Олжаев бүй дейді:
Біз қандай динамика көрсеттік?
Тауар айналым:
2019 — 97,8 млрд $
2023 — 139,8 млрд $
Қасым-Жомарт Кемелұлының кезінде ең басты сауда байланысымыз Ресейден Қытайға ауысты. ЕАЭС-ке деген тәуелділік азайды. Бұған дейін сыртқы тауар айналымының 20-24 пайызға жуығы Ресейге тиесілі еді. Қытай 2023 жылы бұл тұрғыда солтүстіктегі көршімізді басып озды.
Қазіргі таңда Бейжіңмен сауда байланысымыз 31 миллиард доллардан асып, жалпы тауар айналымының 22 пайызын құрап отыр. Екінші орын Ресейдің еншісінде. Былтыр аталған елге 9,8 миллиард доллар экспорт жасасақ, импорт көлемі 16,1 миллиард долларды құрады. Осылайша, тауар айналымы 25,9 миллиард долларға теңесті.
Және қаржыгердің сөзінше, импорт көлемі бойынша төртінші жыл рекордтық деңгейге жеткен екенбіз.
«Қазақстанның басты сауда серіктесінің қатарында Италия бар. Апеннин түбегімен былтыр 16 миллирд доллар көлемінде алыс-беріс жасастық. Соның 14 миллиарды – экспорт. Бұдан бөлек, Түркия және Оңтүстік Корея секілді мемлекеттер де негізгі әріптестеріміздің бірі.
Айта кетерлік бір мәселе, төртінші жыл қатарынан импорт көлемі рекордтық деңгейге жетіп отыр. Былтыр шетелдерден 61 миллиард долларға өнім сатып алған екенбіз. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 50,9 миллиард долларға жеткен еді. Негізінен машиналар, жабдық, көлік құралдары, аспаптар және аппараттар әкелінеді. Әрине, әлі күнге дейін сыртқа негізінен шикізат сатып отырғанымыз жасырын емес. Бірақ кейінгі жылдары елімізде бірнеше өндіріс орындары ашылды. Демек, келешекте өзімізде жасалған өнімдерді сатуға мүмкіндік мол.
Мемлекет байлығын арттырудың жалғыз жолы — өзімізде дайын өнім өндіруді көбейтіп, оны шетелге қиналмай сату. Ол үшін ішке инвестиция тартып, сыртта шет мемлекеттермен дос болуымыз керек. Осы жағынан алғанда, еліміз дұрыс бағытта келе жатыр. Ал нақты нәтижелерін 2026 жылдардан бастап көреміз деп ойлаймын»,-дейді Айбар Олжаев.
Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев реформаларда адымдаған өзгеріс жаман емес екенін тілге тиек етуде.
«Саяси өрісті тарылтқан алдыңғы онжылдықтардағы реформалар кезең-кезеңімен кері қайтарылуда. Жұмыс мұқият жүргізіліп келе жатыр: өркениетті саяси талқылауды жандандыруға арналған кеңестік институттар әзірленіп жатыр, парламенттік көппартиялық жүйе қалпына келтірілді. Мәжіліс, мәслихаттар депутаттарын, түрлі деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлау енгізілді.
Мемлекет өз идеяларын жүзеге асыруда әміршілдік пен әкімшілік дөрекі күштерді азырақ қолданады және сарапшылар қауымдастығына көбірек құлақ асады. Мемлекеттік аппаратта өткен дәуірдің көптеген әміршіл-бюрократиялық инстинкті сақталып қалды, бірақ олар қоғамдық талаппен жұмыс істеу қажеттілігіне тұрақты түрде ауысып келе жатыр. Меритократия мен қоғамдық ұстаным негізінде қалыптасқан жаңа саяси-бюрократиялық мемлекеттік элиталардың пайдасына отбасылық-кландық олигархиялық элиталардың теңестірілуімен жаңа саяси ландшафт қалыптасып келеді», — дейді Әбішев.
Ал еліміздегі ең мықты математик Асқар Жұмаділдаев: Тоқаев 13 жыл Президент болуы керек,-деп есептейді. Әрине, бұл Тоқаевқа жағыну емес, қимастық екені даусыз.
«Менің білетінім – Тоқаев екінші рет сайланады, одан кейін сайланбайды. Тоқаевтан кейін де адамдар болады. Менің өкінішім – Тоқаев үш жыл уақытын біреудің астында көлеңке болып босқа өткізіп алды. Егер депутаттар осы үш жылды бірдеңе қылып қосып берсе дұрыс болар еді. Тоқаевқа тиесілі 5 жылдың үш жылы өтті, енді екі-ақ жыл бар. Сосын тағы 5 жыл. Осыдан соң Тоқаев «қоштасам» деді. Конституция одан артыққа рұқсат бермейді. Мен осы 10 жыл ең болмағанда 13 болсын деп отырмын», -дейді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Мемлекет басшысының 5 жылдағы жетістігі көңіл көншітерлік деңгейде. Десе де бірінші математик айтқандай, Президентке халық болып, ел болып, 3 жыл қосып берсек, артық болмас-ау, сірә?!

«Qandastar.kz» сілтейді

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close