Жаңалықтар

Биыл Түркістанға жаңа мәртебе беріледі

2022 жылдың 27 қыркүйегінде Түркістан облысының жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруді» жүктеп, мұны «ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті» деп белгіледі. Содан 2023 жылғы 17 маусымда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын Түркістан қаласында өткізіп, сондағы сөзінде өңірді «қазақтың рухани астанасына» айналдыру бастамасын қайталады.

Ұлттық экономика министрлігі сол маусым айында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» жеке заңның жобасын әзірлеп, шұғыл түрде қоғамдық талқылауға шығарды.

Бұл құжат қысқа ғана болды. Көлемі небәрі 7 беттен сәл асады. Ең басты бабында «Түркістан қаласы – Қазақстан Республикасының рухани және тарихи астанасы» деп жазылды.

Мұны естіп, ел дүрлікті. Әлеуметтік желі «Қазақстанның астанасы Түркістанға көшіріледі екен» деген әңгімеге толды. Облыс орталығында пәтер бағасы шарықтады. Кейбір азамат дағдарыс заманында астананы көшіріп, тағы шамадан тыс шығындалуға қарсылығын ашық айтты.

Жоба жұрттың қатаң сынына маңдай соққаннан кейін Ұлттық экономика министрлігіне құжатты қайта пысықтауға тура келді. Сөйтіп, былтырғы 2 тамызда қоғам назарына ұсынылған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасының жаңа нұсқасынан «астана» сөзі алып тасталды.

Оның орнына жаңа жобаға сәйкес, «Түркістан облысы – Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығы ерекше мәртебесіне ие» болады. Ал Түркістан қаласы – соның «әкімшілік орталығы болып табылады».

Бірақ содан кейін құжат «хабар-ошарсыз» кеткен. Енді мәлім болғандай, мәселе күн тәртібінен алып тасталмапты, содан бері заңды әзірлеушілер оны қайта пысықтап шыққан. Нәтижесінде, оның бір заң емес, тұтас заңдар топтамасына айналатыны анықталды.

Яғни, жоғарыда аталған негізгі заң жобасы сыртында, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да дайындалды.

Құжаттар таяуда Парламентке енгізіледі деп күтілуде. Қабылдану мерзімі ретінде 2024 жыл көрсетілген. Демек, Түркістан бейресми мәдени астанадан заң жүзінде мәртебесі бекітілген «Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығына» айналуы мүмкін.

Бұл заңнамалық түзетулер топтамасы Жер кодексіне, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «ҚР туристік қызмет туралы» заңдарға өзгерістер енгізеді.

Саясаттанушы Зейін Сабырқұлов Түркістанды шын мәнінде астана ету туралы бастамалар салмақты талқыланғанын айтады.
«Дәйектемелер де байсалды болды. Ең бастысы, Түркістан сонау Есім ханнан бастау алып, XІV-ХVIIІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болды ғой. Сондай-ақ өңірдің қос алпауыттан да алыс жатқаны алға тартылды. Мысалы, Ресейдің Омбы облысынан Астанаға дейін небәрі 550 шақырым ғана. Түркістан болса, Ресейден 2 мың шақырымдай алыс қонған. Ол Қытайдан да шалғайда. «Егер астананы Түркістанға көшірсек, Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасымыз тіптен беки түседі» деген дәйектеме де айтылды. Бірақ бұл ұсыныстар ел басшылығы тарапынан қолдау таппаған көрінеді», – деді саясаттанушы.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close