Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен іске асырылып жатқан «Қауіпсіз өңір» жобасы шеңберінде мал ұрлығының алдын алу және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің құқықтарын қорғау бағытында жүйелі шаралар қолға алынуда. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Zakon.kz сайтына сілтеп хабарлады.
Прокуратураның тапсырмалары мен жасырын тергеу әрекеттерін ұйымдастыруының нәтижесінде облыс аумағында ұзақ уақыт бойы мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.
Тергеу барысында аталған топ құрамында ветеринариялық дәрігерлердің болғаны анықталып, олардың ұрланған малды арнайы деректер базасы арқылы заңдастыру тетігін пайдаланғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, тергеу жұмыстарына белсенді түрде қатысуда.
Облыс прокуратурасы бұл жағдай мұндай қылмыстар үшін жазаның сөзсіз болатынын көрсететінін атап өтті.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы өзге мәліметтер жарияланбайды.
