ӘдебиетЖаңалықтар

Дүр-Дүкен

Әдебиет – ұлт руханиятындағы ең биік тақ, мұнда тұрып сөйлеген сөз ғасырлар тереңіне, тарих қойнауына кетіп, өшпес қалыппен жазылады. Тарих еншісіне айналған өнердің міндеті өткен алтын ғасырлардағы ерлік істерді, халық тарихындағы бағалы қазынаны болашаққа жеткізу, адамдар жадында сақтау болып табылады. Осы мәртебелі де қиын жұмыс парасат иесі қаламгер қауымына жүктеледі. Халықтың келешек игілігі жолындағы ұлы қызметтің орындалуы — шын мағынасындағы азамат жазушының еңбегінен көрініс табады. Соның куәсіндей, елдің рухани талабын, сұранысын қанағаттандыру жолында елеулі еңбек етіп келе жатқан аса талантты қаламгердің бірі – Дүкен Мәсімханұлы.

 

Біз қолымызға алып қарастырып отырған «Жүрегімнің жұмбағы» жыр жинағы – дүлдүл ақын Дүкен Мәсімханұлының 60 жылдық мерейтойына орай жарық көрген жаңа жыр кітабы. Дүкен Мәсімханұлы туған халқының рухани игілігі жолында өнердің бірнеше саласын қатарынан игеріп, жемісті еңбек етіп келеді. Ол еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында ұстаз ретінде мыңдаған шәкірт тәрбиелеуден сырт, шығармашылықтың төрт үлкен саласында – талантты ақын, дарынды әдебиет сыншысы, отандық қытайтанудың негізін қалап, оның дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан білікті ғалым, қытай ақын-жазушыларын қазақ тілінде сөйлетіп жүрген шебер аудармашы ретінде жемісті еңбек етіп келеді.

Атап айтқанда, әдебиет сыншысы райында оқырманға «Жыр – Жебе», «Сарап», «Азаттығым мен қазақтығым», «Ұлт пен рух» әдеби-сын зерттеулерін ұсынған болса, поэзияда «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», «Көкпар», «Алтынның буы», «Алкүрең арман», «Өз аспаным өзімде», «Сап, сап көңілім» жыр жинақтары оқырман қолында жүр. Әдеби көркем аудармада қытайдың классикалық әдебиет үлгілерінен таңдамалы бес томдық кітап шығарып, Қытайтанудың ақтаңдақ жатқан бір өңірін толтырды.

Қалай десек те, бұлардың бәрі – зор талант иесінің қол жеткізген жетістігі, соңына қалдырған бедерлі белгісі іспетті.

Дүкен Мәсімханұлының тұтас шығармашылық еңбек жолына көз жүгірткенімізде бір байқағанымыз – оның бала кезінен табиғатына дарыған басты қасиеті – ақындығы.

Дүкеннің ақындығы басы тебінмен бұрқақтап, атқақтап басталғанымен, алысқа жете алмайтын шағын бұлақтай емес, сабырмен сырбаз ағатын, тебіні тереңде жатқан арнасы кең ағынды өзендей сарқылмайтын қазынаға толы. Ақынның бір ғана жыр кітабын емес, тұтас поэзиясын үңіле зерттеген адам оның өзіне тән мінезін, дара дарын табиғатын, өмір жолындағы басынан өткерген соқпақты сапарларын және жарқын қолтаңбасын анық көре алады. Әдетте қаламгердің білімін, ғылымға деген тиянақтылығын оның ғылыми еңбектерінен де байқауға болатын шығар. Десе де, оның тұтас ақындық табиғатын, адамдық болмысын, шығармашылық кезеңдерін, өмір жолын ғылыми еңбектерінен емес, әдеби шығармаларынан анық тануға болады. Кезінде Есенин өзінің өмірбаянын жазып беруді өтінушіге, өзінің туған жері мен туған жылын ғана айтып келеді де, әрі қарай «менің қалған өмір шежіремді өлеңдерімнен біліп алыңдар» дейді екен. Шын мәніндегі үлкен дарын иесінің әрбір туындысынан, өлеңінен оның әрбір басқан ізі айқын сайрап жатады. Біз айтып, жазып отырған дүлдүл ақын Дүкен бауырымыздың поэзиясын дәл сондай ерекшелікке ие жомарт қаламнан туған дүниелер деп қараймын.

«Жүрегімнің жұмбағы» жыр кітабын оқыған әрбір оқырман оның өмір­баянымен таныспай-ақ, Дүкеннің кім болғанын, қай өңірде туып, қандай жолдар басқанын, тіпті оның дүниетанымын, азаматтық ұстанымын анық аңғара алады.

Басып өткен өмір жолында қадау-қадау белгі қалдырып, өшпес із тастап отыру – үлкен дарын, ірі қайраткерге тән қасиет. Автор аталған жыр кітабын өлеңдер, поэмалар, аударма өлеңдер деп үш бөлімге бөліп ұсыныпты. Кітаптың тұтас көтеріп тұрған ой арқауына қарағанда, онда туған жер, Отан, елдің тәуелсіздігі, халық тағдыры, қоғамдық түйткілді мәселелер секілді әр алуан іргелі тақырыптар көтерілген.
Сөз өнерінің ішінде поэзия бекзат өнер, онда адамның жан дүниесі шарайнадай жарқырап көрініп тұрады. Сондықтан өлеңсөз – ұлт рухының серпілісі, сол халықтың рухы даңқты ұлдарының үні болып болашаққа жетеді.

Осы уәжге Дүкен жырларын оқығанда тіптен көз жете түседі. Ақын жырларынан кешегі батыр аталарымыздың аспаншыл өр мінезді бейнесі менмұндалайды. Ақынның «Алтынның буы», «Мен – Тәңіртау мұзбалағы» секілді өлеңдерінен осындай сипат байқалады:
«Мен Дүкен деген ду едім,
Саф алтынның буы едім.
Маңайы думан, жаны жыр,
Қоғалы көлдің қуы едім.
Намыс пен оттан жаралған,
Қолыңа алсаң, ту едім.
Темірден алмас алатын,
Мен семсердің суы едім.

Мен Дудың кені, ду едім,
Алтынның ыстық буы едім.
Аңқасы кеуіп келгенге,
Саялы орман ну едім.
Тандыры кеуіп келгенге,
Тұмадан тұнық су едім».
Негізінде, шын ақын да, нағыз поэзия да мінезді келеді. Содан да ақынның өнердегі тұлғасы дараланып көрініп тұрады.

Осындағы жыр жолдарынан ақынның тұтас болмысы, кір түспеген ақша қардай ақжүрек адалдығы, айналасына шүлен шуағын шашқан ақ еділ жомарттығы, байырғының ерлерінше асқақ кейіп танытқан айбынды бейнесі көрінеді. Дүкен ақынды Халық жазушысы Шерағаңның (Ш.Мұртаза) «Дүкен сері» деуі, академиктер Р.Нұрғали мен Б.Омарұлының «Дүр Дүкен» деуі ақынның өмірдегі ғана емес, сөз өнеріндегі мінезіне де қаратыла айтылса керек. 

Поэзия жанр ретінде белгілі идея­ларды жеткізуші формалық тәсіл. Ал өнер ретінде әсемдік заңдарының жүйе­лі түрдегі жарастықты бірлігі; сан алуан тағдырлар мен қоғам мінезін, яғни құйқылжыған қылықтарын ақиқаттың жүзінде айнытпай ашып көрсетіп беріп отырады. Ақын – болмыс суретін жай сызып беруші емес, оған мінез дарытып, жан беруші.

Өмірдегі шындықты әркім-ақ көріп тани білуі мүмкін, алайда оны өнер тіліне көшіріп, оған қуат дарыту ақынның – өнер адамының қолынан ғана келетін құдірет. Сондықтан туындыгер шындықты көркемдікке айналдыра білгенде ғана ондағы әлеуметтік үн де солғын тартпай, керісінше, жалын атқан асқақ леппен шығады да, оқушының санасына әсерлі болып сіңеді. Бұл ретте Дүкен Мәсімханұлы ойшыл қайраткер райында қоғамдағы түрлі келеңсіз жағдайларға жаны ауыра отырып, шындықты ашып айтады. «Біздің қоғам» дейтін өлеңінде Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі орын алған ашкөздік, мешкейлік, сыбайлас жемқорлық секілді адамшылықтан кеткен кесір пиғылдарға ақынның жаны ауырады:
«Заңым да бар, тергеуші,
сотым да бар,
Қарашаға қашан да өтімді олар.
Түске дейін біреуді соттайды да,
Түстен кейін сұрайды «тоқымқағар».
Немесе «Біздің хал» атты өлеңінде қазақ қоғамның басындағы қазіргі халдiң нақ суретін автор ашына отырып былайша жеткізеді:
«Тілім қалды биліктің қағазында,
Дінім қалды мешіттің намазында.
Құным менің өзгенің есебінде,
Салмақтасаң елдікі таразым да.
***
Әр кәлләны әр қиял мазалайды,
Қиялдасаң «қыңырлау» жазалайды.
«Бауыр» деген қаладан жан көрмедік,
Ауыл деген қатқан нан қажалайды».
Ақынның бірқыдыру өлеңдері қазақ елінің тәуелсіздігіне, ел тағдырына, байтақ Отанның ұлы істеріне арналса, енді бір бөлім өлеңі – кіндік қаны тамған аяулы жұртына деген ыстық сағыныштан туған аңсарлы жырлар. Оның ақындық суреткерлігі әсіресе мекен жырларынан – табиғаттың көркем көріністеріне арналған пейзаждардан көрінеді.

Мысалы, «Қыс» атты өлеңінде ақын әрбір көріністі, детальды тірі суретке айналдырып, қарымды суреткер ақын екенін танытады:
«Сары аяз, қара жел, үскірік,
Ақ сүңгі, боз қырау… бәрі бар.
Аспан тұр бозарып, түшкіріп,
Қалбақтап ұшады кәрі қар.
Күнгейлер есінеп, буланып,
Мұз емшек бұлақтар қызарған.
Қолтығы сәл тершіп, суланып,
Таулардың бойлары ұзарған.

Кез келген ақынның поэзиясында жылдың төрт мезгіліне, табиғаттың мың бояулы сұлулығын суреттеуге арналған жырлар көптеп кездеседі. Мұндай тақырыптағы өлеңдерден екі түрлі қасиет көреміз: бірі қаламгердің болмысты қалай қабылдап, қаншалық тереңдік дарыта алудағы суреткерлік қарымы мен өмір суреттерін зерттеп білу өресін көрсетсе, келесісі, құнарлы бай тілі мен нәзік түйін­дерді лирикалық сезім, романтикалық леппен әсем де мінсіз жеткізе алуындағы ішкі қуатын танытады.

Ақынның алымдығы, кестелі сөздерді жанды қолданудағы суреткерлік шеберлігі, сондай-ақ өзіне тән мақам-машығы ақынның әрбір өлеңінен атой беріп тұрады. Аталған жинақтағы «Көкпар», «Қымыз», «Қыз қуу», «Босаға», «Ауыл кеші» қатарлы өлеңдері мен «Құла айғырдың үйірі» балладасында ерекше күш, айбынды әсер, әсем әуез беріп тұрған көрнеу ерекшелік – ғасырлар бойы қазақ халқының санасында қорытылып шыңдалған, әбден елегінен өтіп сұрыпталып, халық қазынасына айналған байырғы ұғымдар мен образдарды жасампаздық жолмен ұтықты пайдаланып, орнын тауып кәдеге асырып жіберіп отырады.

Сондай-ақ бұл халық өмірімен тыныстас күйлерді, бауырлас ұғымдарды бір желі бойына тарта отырып ой айту, жай ғана ой ұсыну емес, ақындық қырларының пәрменді үнін, ажарын ашық таныту еді.
Дүкен ақынның поэзиясына тән тағы бір ерекшелік – оның жырларындағы өзіндік жарқын, тебінді үн, лирикалық леп, төгіліп тұрған құнарлы тіл дер едік. Не жайында, қандай күйде жырласа да, ақын шын көңілімен жырлайды. Ойын іркіп күмілжімейді. Барлық жерде ақынның жүрек сыры ақтарылып, ыстық сезімі жалын атады.

Табиғат суретін өлең етсе де, сан алуан адами, әлеуметтік мәселелерге позициясын ұсынса да, оның әрбір жыр жолдарынан салқындық, селсоқтық яки жалған сезім таппайсыз. Мысалы, жинақтағы «Сап, сап көңілім», «Құзғындар құрылтайы», «Менің де ішім өлген», «Шаршатты мені тіршілік», «Таңданыс», «Адам, заман, бақыт» қатарлы өлеңдерден әлеуметтік қайшылықтардың ақын жанына түсірген көлеңкесін де сезбей қалмаймыз. Жүрегіне қаяу түсіріп, алаң еткен жайларды ақын бүкпесіз ашық, жарқын үнмен әсерлі күйге орап жеткізеді:
«Сап-сап көңілім, сап көңілім,
Тірлікке тірек өзіңдей,
Баһадүр баба өзіндей,
Көнеден қалған төзімдей,
Түн баласында көз ілмей,
Еліңнің қамын жейсің бе?!
Әулекіленбе, әз Дүкен,
Бұл қазақ ерсіз дейсің бе?!
Сап-сап көңілім, сап көңілім,
Аңдып бір жүрген жау бардай,
Өзгеге назар аудармай,
Күзетші болып таулардай,
Сарсаңнан санаң сау қалмай,
Далаңның қамын жейсің бе?!
Абыржи көрме, ар Дүкен,
Бұл дала иесіз дейсің бе?!»

Бұл жерде асқақ пафоспен келісім тауып сылдырап тұрған сырбаз жырдың айтарын ақтармаламай-ақ, ақынның тіліндегі бар жарасыммен бөлінбес бүтін бітім тауып тұрған ақындық қуатты айтсақ та жеткілікті. Өйткені поэзия – болмыс суреттерінің жай картинасы емес, тіпті ұсақ-түйек жалпылама халтуралық тіршіліктің ермегі де емес. Ол – шын мәніндегі көркемөнер. Өнер болғанда да артық-ауыс қарадүрсіндікті маңына маңайлатпайтын кіршең, ақсүйек, бекзат өнер. Ақындық өнердің қапысыз қағидасын бойына сіңіріп, биігіне көтерілген дүлдүл ақын шеберліктің желмаясына мініп, көңілдің құла күйін сыр етіп төгеді; шуақты жыр етіп халқына сыйлайды.

Тіршілікте дүние-болмыстың әр қыбыр-жыбырына дейін нәзік сезіммен қарап, жүрекпен жауап қататын ақынның көңіліне алаң ендіріп, жанын жабыр­қататын істер, әлбетте, аз болмайды. Елім деп еміреніп, өнер деп тебіренген адал жүректің ақжарылқап күйін түсінбеген адамдардан көңілі қалып налиды. Асқақ арманмен алып-ұшып жеткен ақынның алдынан шыққан көңіл жабырқатар іске ақын өлеңмен жауап қатады.

Сол күй «Таңданыс» атты өлеңінде былайша танытады

«От болып жанып,
Өзегім талып,
Құс болып ұшып,
Ақ жалын құшып,
Оралғанда Отанға —
«Оралман» деп бөлетінін кім білген,
«Өгей бала» көретінін кім білген?
Лапылдасаң – басатынын кім білген,
Жақындасаң – қашатынын кім білген?
Жырларымды жырмаларын кім білген,
Сырларымды бұрмаларын кім білген?
Қайманаға балайтынын кім білген,
Күмәнменен қарайтынын кім білген?
***
Атажұртты қызғанарын кім білген,
Жүрегімнің мұз боларын кім білген?»

Өлең – көңілдің күйі, жүректің сыры. Поэзияға, әрине, тереңдік қажет. Алайда сыршылдық одан да көбірек керек. Өйткені поэзияны сұлу ете түсетін компонент – адам жанының қатпарлы сырларын, үлбіреген нәзік сезімдерін мінсіз арудай мүлтіксіз күймен жеткізу. Біз әдетте поэзияның философиялық тереңдікке жетуін талап етеміз. Әрине, өлеңнің жалаңдықтан алыс қонғаны, философиялық терең ой көтергені құба-құп. Дегенмен поэзияның міндеті – философияның тұтас жүгін көтеру емес. Сондықтан ол өз шеңберіне сыятын құбылыстарды ақындық шабытпен әдемі қиылыстырып, жан күйін дөп бастыра алса болғаны.
Өлең – өмірдің өзімен өзектес. Ол адам өмірінің әр алуан күйдегі сәттерінің өнер тілімен қайта жасақталып шыт жаңа болып бейнеленуі. Сондықтан да ақын тіршіліктің әр қадамын, балауса күйін сол қалпында жеткізуге міндетті. Әрине, бұл арада ақын өлеңін кілең осы маңнан табылатын майдалыққа айналдырудан аулақпыз.

Керісінше, шын мағынасындағы көрнекті ақын – өз қоғамының ақиқатын айта білетін қайраткер тұлға. Ал ондай азамат ақын қайткенде де өз дәуірінің шындығын жырлауға, яғни заман тақырыбын көтеруге хақылы. Сонда ғана ол анағұрлым биік деңгейде өз заманының шаңырақ салар иықты перзентіне айналады.
Шынын айту керек, поэзияға қайраткердің аузынан шығатын басшылық нұсқау емес, іштей дем беріп, сарқылмас күш дарытып тұратын сезім, рух керек. Онсыз поэзия жасанды, қан-сөлсіз жансыз дүниеге айналады. Адам басындағы тағдыр, алуан-алуан күй жыр тілімен шумақталып, өнердің сабына қосылуға жол алады. Егер ол шын мағынасындағы өнердің эстетикалық талабынан шығатын дүниеге ұласып, оқырман көңіл төрінен жол тауып жатқан болса, ендеше, біздің айтып, жазып отырғанымыздың да шын болғаны.

Поэзия – бір қырынан жанның нұры, жүрек шуағы. Ол адамның ішкі жан әлеміне жол тартуды, сол арқылы өмірге шуақ, мейір сыйлайтын қуатты күш. Мәселен, Дүкен ақынның «Жан сыры», «Намыс құдіреті», «Көш-Керуен», «Тағдыр» поэмаларында айтылар ой мен сезім бір бүтін үйлесіммен жарқын жарасым, гүлзат құлпырыс тауып, оқыған жанның жан дүниесіне шуақ шашып, жүрегіне жылылық сыйлайды.

Автор «Жан сыры» поэмасында нар көңілдің дегені болмай жасып қалған, мұңайған, қажыған сәттерін сыр қып ақтарған. Әсіресе қазақ еліне үлкен арман, зор жігермен келген жалынды ақынның алдынан небір қитұрқы әрекеттер шығады.

Жең ұшынан жалғасқан көзбояушылық, жік-жік болып алып берекені кетіретін әрекеттер нәзік жанды ақын жүрегін жаралайды, көңіліне қайғы салады. Көкірекке шемен болып байланған шерін ендігі жерде амалсыз­дан жыр дәптеріне төгеді. Поэманың тұтас арқау-өзегі бастан-аяқ күйінішті көңілдің күйін жеткізуге құрылған. Мұндай пессимистік хал ақының жалғыз осы поэмасында ғана емес, «Шаршатты мені тіршілік», «Менің де ішім өлген» сияқ­ты бірқыдыру өлеңдерінде кездеседі. Негізі, пессимизм – жамандықтың жақсылықтан үстем түскен кезінде туатын рухани торығыс. Қарап отырсаңыз, дәл қазіргі әдебиет пен өнерде талантсыздар түрлі тәсілімен өлерменденіп алға шығып, былайғы қара халықты – көпшілікті өзіне бұрып алды. Шын өнер мен таланттың аражігін ажырата білмейтін талғам мен танымнан жұрдай топ оларды көкке көтеріп алдыңғы қатарға шығарды. Әдебиет пен өнердегі мұндай ағым негізі дін мен философияда көбірек көрініс береді. Буддистік және индуистік діндер әлемді пессимистік тұрғыдан бағалайды. Әсіресе философияда пессимизм ағымында жазғандар көп. Мысалы, Артур Шопенгауер, Хайдигер, Ницше шығармаларында бұл дүниені қайғы мен қасіретке толған мекен ретінде бағалайтын көзқарастар мол. Оптимизмге қарама-қарсы «жақсылықты жамандық көбірек жеңеді» дейтін идеядан туатын мұндай пессимистік идеялар көбінесе қоғамдық ортаның адам санасына ықпал ететін түпкілікті әсерінен туындайды. Ақынның өлеңдерінде кездесетін пессимистік күй жайын­да да осындай көзқарас айтуға болады.

Ақынның «Көш-Керуен» атты поэмасында қазақ басынан өткен қилы-қиян тағдырлар суреті уақыт биігінен қаралады. Ақынның «Уақыт, аспансың ба, жерсің бе сен?! Әлде су, әлде ұйтқыған желсің бе сен?!» деуінде арғыны ишаралаған терең мән жатыр. Философияда уақыт шексіздік ұғымы ретінде қаралады. Сондықтан бұл жерде автор уақытты «Аспансың ба, жерсің бе, әлде сусың ба» дейді. Уақытты аспан мен жерге теңеу – өлшемсіздік, кеңдік, алыптық, асқақтық т.б. баламалаудан келіп шыққан.
Ақын Дүкен Мәсімханұлы поэмасында қазақтың басынан өткерген тарихи кезеңдердің уақыт көшімен, дүние керуенімен баламаланып, іргелі ойлармен иықтасып жатқанын аңғарамыз. Бұлай деп қадап айтып отырғандағы тиянағымыз – автор «Көш-Керуен» поэмасында тарихи отанына оралған қандастардың тағдырын ғана емес, сонау ескі заманнан бері қарай қазақ басынан сан аунаған тарих көшін, уақыт салған қасиетті бедерлерді ишараттап отырғаны анық. Ақын поэмасын «Арғы көш», «Зарлы көш», «Нұрлы көш» деп бөліп атап арнайы жырлауында да осындай терең мағыналы астар жатыр.

«Тағдыр» поэмасында әйел басына әлі толық теңдік тимеген қоғамның кесірінен өз арманына жете алмаған қос мұңлықтың махаббаты баяндалады. Поэма қиссалық дәстүрлі тәсілмен баяндалған. Поэма басында жынды кейіптегі әйелді машина қағып өлтіреді де, оның кім болғанын баяндаушы кейіпкердің аузымен жеткізеді. Суреттелетін оқиғаның басында осындай экспозиция жасап барып кірісу – оқырманды шығарманың ішкі иіріміне бастау үшін қолданылатын ұтқыр амалдардың бірі. Автор осы амалды орынды пайдаланып, шығарманың тартымдылығын арттыра түскен. Поэмаға арқау болған негізгі оқиға – Елік қыздың басындағы трагедиялық хал. Елік – бір байдың үкідей үлпілдеткен ерке қызы. Алайда дүниеқоңыз бай қызын сүйгеніне емес, малға сатады. Қыз амалсыздан орайын тауып сүйген жігіті Ұзақпен қашады. Осы екі арада қоғамдық жағдайға байланысты Ұзақ әскери міндетін өтеуге кетіп тірі оралмайды. Сүйген жардың қайғысы, түрлі себептің қабаттасуынан Елік қыз жынданып кетеді. Автор тарих болып елесі есте қалған оқиғаның сырын осылай жеткізеді.

Кітаптың «Аударма өлеңдер» аталған үшінші бөлімінде қытай классикалық әдебиетінің әйдік ақындарынан таңдап аударылған өлеңдері берілген. Мұнда Ли Бай, Ду Фу, Бай Цзюйи, Мың Хаоран, Ваң Вэй қатарлы қытайдың Таң дәуірінің әйгілі ақындарының және Жаңа дәуір Қытай әдебиетінің көрнектілері Ай Циң, Юй Гуаңчжуң, Чэн Дуңдуң, Гу Чың, Диң Даң, Хай Цзы, Шу Тиң сынды әрі лирик, әрі романтик ақындардың өлеңдерін құлпырта аударған.

Шарап ішіп шалқыған Таң дәуірінің романтик ақындарының өлеңдерінде әсіресе табиғат көріністері көбірек орын алады. Пейзаж жырларын аударуда Дүкен Мәсімханұлы сол классик ақындардың деңгейінде тұрып, өлеңнің ойын, сезімдік бояуын, романтикалық лебін зәредей де бәсеңдетпей төгілте аударады.

Мысалы, Ли Байдың «Ай астындағы ақын» өлеңінің аудармасынан бірер шумақ оқып көрелік:

«Қолыма алып кесе толы шарапты,
Маңдайымды көк аспанға қараттым.
Ай астында көлеңкеме шер төгіп,
Жан жарамды ай нұрына жалаттым.
 
Ішпей қойды шарабымды ай, бірақ,
Ал көлеңкем жатыр жерде жай құлап.
Ай астында көлеңкеммен қалғаным,
Жалған достың сарайынан 
жайлырақ».

Мұндайда ақын табиғат суретін мол әсерге тоғыта жеткізуде тілдің құдірет-бояуына иек артады. Табиғаттың мың бояулы суретін ақындық шабытпен әсерлі әлпеш күймен жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Аудармада ой мен қисынның қабысып тұруы маңызды.

Сөз қуып, не бірыңғай ой қуып аудару тағы қиын. Сондықтан аударма тәжірибесінен өткен қаламы жүйрік аудармашы болмаса, ол өнерге қиянат жасаумен бірдей. Әсіресе өзге елдің өресі биік ақындарын аудару өте қиын шаруа. Өлең аудару кез келген ақынның ақындығын, суреткерлік қарымын сынайды.

Ал дүлдүл ақын Дүкен Мәсімханұлының аударма өлеңдері кәдімгі төл туындыдай «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» төгіліп-ақ тұр.
Жоғарыда біз Дүкен ақын қазақша сөйлеткен бір ғана ақынның өлеңінен мысал келтірдік. Барлығынан бірдей үзінді алып, жекелеп қарастырып, жінтіктей талдап отыруға шағын мақалада мүмкіндік жоқ.

Қысқасы, ақын Дүкен Мәсімханұлының аудармадағы сан салалы еңбектерін алдағы уақытта қытай тілін жақсы меңгерген зерттеуші-
ғалымдар арнайы қарастырса, нұр үстіне нұр болмақ. Сонымен бірге еліміздегі түрлі сайттар мен мерзімді басылымдар оның проза, поэзиядағы аудармаларын үзбей жариялап та келеді. Міне, бұл да оның қытай тілін терең меңгерген шебер аудармашы екенінің айғағы.

Біз әйгілі қытайтанушы-ғалым, талантты ақын, майталман аудармашы Дүкен Мәсімханұлының «Жүрегімнің жұмбағы» атты жыр жинағы туралы қысқаша пікірімізді осы жерден түйіндегіміз келеді. Дүкен ақынның поэзиясы жайында айтылар ойлар әлі талай арнайы зерттеулерге жүк болары даусыз. Өйткені қазақ поэзиясында өзіндік бедерлі белгісі, айшықты ізі бар талантты ақынды іздеп оқитын оқырманның күн өткен, жыл өткен сайын көп бола беретініне сеніміміз кәміл.

Талдаубек Әшімхан,
әдебиеттанушы-ғалым,
филология ғылымының
докторы

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close