Жаңалықтар

ЕЛІМІЗДЕГІ ЖАРТЫ МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ СТУДЕНТТІҢ МОЙНЫНДА КРЕДИТ БАР

Елдегі 500 мыңға жуық студенттің несиесі бар. Оның ішінде 47 мыңы проблемалық несие. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне қарағанда бұл тізім ұзарып келеді. Не істемек керек? Оқуын бітірмей жатып, қарызға батқан жастардың санын азайту үшін оларға кредит беру тәртібі өзгереді.

Банкке қомақты қарызы бар жастардың бірі Батухан Ысқақов. Студент танысына көмектесемін деп, өз атына несие алған. Кейін алданғанын түсінген. Бұрын-соңды банктен қарыз алып көремеген жігіт несие рәсімдеудің түк қиындығы болмағанын айтады. Бір миллионға жуық несиені бар-жоғы бес минутта рәсімдеген.  Батухан Искаков, студент: «Кредитті өзім жауып тастаймын деген соң мен сеніп, 810 мың теңге онлайн несие алып бердім. Бірақ ай сайынғы төлем уақыты келгенде жаңағы бала уәдесінде тұрмады. Нәтижесінде менің несие тарихым бұзылды. Кейін оның тағы 5-6 студентке дәл осылай қарыз алдырып, ақшасын қайтармай жүргенін білдім.

Өзім ақылы бөлімде оқимын. Сабақтан кейін жұмыс істеймін. Енді оқуымның ақысымен қатар кредитті де төлеуге тура келеді». Статистикаға сүйенсек, елдегі 500 мыңға жуық студенттің кредиті бар. Оның ішінде 47 мыңы проблемалық несие. Кей банктер жұмысы жоқ болса да, 18 жасқа толғандарға тұтынушылық кредит беріп келген. Енді табысы жоқ студенттерге несие берілмейді.  Мадина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы: — Жастарға кредит берудің динамикасын қарасақ, проблемалық кердиттердің үлесі артып келеді. Қазіргі уақытта 11% дейін жетті. Сол себептен енді жастар үшін кредиттерді ресми түрде тіркелген табыстары болса, кірістері болса, тек қана сол кезде қаржы ұйымдары береді. Бұл 18-21 жас арасындағы азаматтарға арналған. Ал жұмысы жоқ студенттер үшін, төлеу мерзімі өтіп кеткен берешектерді реттеу тетіктері бар.

Ол үшін студенттер банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына арыз жазу керек. Сонда оларға жаңа төлем кестесі жасалады, деді агенттік төрағасы. Ал сарапшылар мәселені шешу үшін кредит беру жасын шектеуді ұсынады.  Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы: — Несие алып, қарызға батқан жастар көбейіп барады. Маған микроқаржы ұйымдары мен банктерге жарты миллион теңге берешегі бар студенттер келіп кеңеседі. Ата-наларына айтуға қорқады. Ал өз еркімен мәселені шеше алмайды. Сондықтан мен 21 жасқа дейін несие бермеу керек деп есептеймін. Қазақстанның банк жүйесінде мұндай тәжірибе бұрын болған. Сондай-ақ, тексеру кезінде табысы қарызын жабуға жетпейтін азаматтарға банк қалай кредит ресімдейтіні түсініксіз. Жұмыс істесе де, істемесе де 21 жасқа дейін кредит рәсімдеуді заң жүзінде шектеу қажет. Жастарға несие беруді шектеу туралы депутттар да айтқан. Бірақ қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы «кредит алу әр адамның конституциялық құқығы» деп түсіндірді. Сондықтан студенттер үшін тек табыс жағынан шектеу болады. Оның өзінде шәкіртақылары ресми кіріс болып қала береді.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close