
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесті, деп хабарлайды порталы.
Президент бүгін тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді.
«Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды.
Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды.
«Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



