Иранның әуе қорғанысы Ормуз бұғазы маңында АҚШ-тың A-10 шабуылдаушы ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz тілшісі Deutsche Welle дерегіне сүйеніп хабарлады.
Иранның мемлекеттік телерадио компаниясы IRIB таратқан мәліметке сәйкес, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері АҚШ ұшағын жойып, ол Парсы шығанағына құлаған.
Ал The New York Times басылымы бұл оқиғаға қатысты өз нұсқасын ұсынды. Олардың дереккөздері америкалық A-10 Thunderbolt II ұшағы Ормуз бұғазы маңында апатқа ұшырағанын, бірақ нақты себебі белгісіз екенін хабарлаған. Ұшқыштың құтқарылғаны айтылды.
Соңғы 24 сағат ішінде бұл АҚШ Әуе күштерінің аймақта жоғалтқан екінші ұшағы болуы мүмкін. Бұған дейін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы америкалық жойғыш ұшақты атып түсіргенін хабарлаған. Бастапқыда ол F-35 деп айтылғанымен, сарапшылар сынықтарға қарап оның F-15E екенін анықтады.
АҚШ билігі әскери ұшақтың жоғалғанын растады. Экипажды іздеу жұмыстары жүргізілуде: америкалық БАҚ мәліметінше, екі ұшқыштың бірі құтқарылған, ал екіншісінің тағдыры белгісіз.
АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News арнасына берген сұхбатында бұл жағдай Иранмен келіссөздерге әсер етпейтінін айтты.
Оның сөзінше, мұндай жағдайлар “соғыстың бір бөлігі” болып табылады. Ал екінші ұшқыштың тағдырына қатысты нақты жауап беруден бас тартты.
Сонымен қатар, Иранның Tasnim агенттігі катапультпен секірген америкалық ұшқыштың тұтқынға түсуі мүмкін екенін хабарлады.



