Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Ормуз бұғазы ашылады: АҚШ пен Иран екі аптаға бітімге келді

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс уақытша бәсеңдеуі мүмкін.

Тараптар екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келіп, стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазын ашуға уағдаласты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

АҚШ тарапы әскери әрекеттерді уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді.

Бұл шешім теңіз дәлізінің толық ашылуымен тікелей байланысты.

Бұған дейін жүргізілген келіссөздер барысында бірқатар саяси тұлғалар қатысып, нәтижесінде уақытша бітімге қол жеткізілген.

Келісім аясында Иран бұғаз арқылы өтетін халықаралық кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік беріп отыр.

Алдағы екі апта ішінде тараптар Пәкістан астанасы Исламабадта ресми келіссөздер өткізіп, ұзақ мерзімді келісімге келу мүмкіндігін қарастырады.

Бұл жаңалық жаһандық нарықтарға бірден әсер етті.

Мұнай бағасы күрт төмендеп, кейбір сегменттерде 16 пайызға дейін арзандады. Сонымен қатар, АҚШ қор нарығында оң динамика байқалып, фьючерстер өсім көрсетті.

Сарапшылардың пікірінше, уақытша бітім энергетикалық қауіпсіздікке қатысты тәуекелдерді азайтып, әлемдік экономикаға қысқа мерзімді тұрақтылық әкелуі мүмкін.

Өз кезегінде Израиль АҚШ-тың Иранға соққыларды уақытша тоқтату шешімін қолдады, деп жазады жергілікті БАҚ.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі Вашингтон жариялаған әскери іс-қимылдардағы уақытша үзіліске келісетінін растады.

Сонымен қатар, Нетаньяху бітімнің Ливанға қатысы жоқ екенін нақтылады, деп хабарлайды The Times of Israel.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button