Жаңалықтар

Қайта қылмыс жасағандар алғаш рет сотталғандармен бір түрмеде отырмайды

 

Бұдан былай қайта қылмыс жасағандар жекелеген абақтыға қамалады. Құзырлы орган 6 мыңға жуық сотталушыны осындай түрмеге көшірген. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында айтылды
Демек, енді олар алғаш рет қамалған азаматтармен түйіспейді. Мұндай ұсынысты адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелері берген.
«Бірінші рет сотталғандар мен түрмеге қайта түскен азаматтардың жазалау орындарын бөлуге қатысты ұсыныс қаралды. Бұл 80 пайыз қылмыскерді тұрғылықты жеріне орналастыруға мүмкіндік береді. Бұдан былай жаза басып, бірінші рет түрмеге түскендер қауіпсіздігі орташа деңгейдегі абақтыға жабылады. Ал бұрын істі болғандар қауіпсіздігі қатаң сақталатын мекемелерде жазасын өтейді», — дейді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелері бас-аяғы 200-ге жуық норма ұсынған. Соның бірі тұтқындарды жұмысқа орналастыру мәселесі.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, қазір түрмеде отырған отандастарымыздың жартысына жуығы жұмыспен қамтылды. Одан бөлек соңғы онжылдықта алғаш рет арнайы көлік, тексеру кешені мен ұялы байланысты тежейтін аппараттар сатып алу жоспарланып отыр.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close