Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырмасы аясында Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясында су ресурстарын басқару мәселелеріне арналған халықаралық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Қытай Ғылым академиясы мен Чжэцзян технологиялық университеті ғалымдары қатысып, ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Aikyn.kz сайтына сілтеп хабарлады.
Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстандағы су қауіпсіздігі мәселелерін шешу және су ресурстарын басқарудың жаңа цифрлық моделін қалыптастыру.
Қазіргі таңда елдің су жүйесі бірқатар күрделі мәселелерге тап болып отыр: мұздықтардың азаюы, трансшекаралық суға тәуелділік, судың көп бөлігінің жолда жоғалуы және инфрақұрылымның жеткіліксіз цифрландырылуы. Сонымен қатар деректердің жүйесіздігі тиімді басқаруға кедергі келтіруде.
Іс-шара барысында жасанды интеллектке негізделген бірқатар жобалар таныстырылды. Олардың ішінде DeepBas жүйесі ерекше аталды. Бұл жоба су ресурстарын болжау, құрғақшылық пен тасқын тәуекелдерін модельдеу, сондай-ақ суды тиімді бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған. Жүйенің негізгі элементі – ұлттық су жүйесінің «цифрлық егізін» құру.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев су ресурстарын басқаруда жасанды интеллектті енгізу стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жүйе әлі де бытыраңқы күйде, ал сенімді деректердің жетіспеушілігі жағдайды қиындатып отыр.
Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай ғалымдары бірлескен зертханалар құрып, жасанды интеллект пен тұрақты даму бағытында серіктестікті нығайтуда. Іс-шара аясында білім беру бағдарламалары дамытылып, студенттерге сертификаттар табысталды және робототехника саласында жаңа меморандумға қол қойылды.
Кездесу қорытындысында тараптар ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, инновациялық шешімдерді енгізу және су ресурстарын тиімді басқару бағытында бірлескен жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты.
