Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қазақстандықтардың әскери-патриоттық фильмдерге қызығушылығы және олардың өзін-өзі ақтауы туралы пікір білдірді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеме жасап хабарлады.
Оның айтуынша, киностудиялар белгілі бір тақырыптар бойынша конкурсқа қатысып, жобаларын ұсынады. Соңғы жылдары түсірілген әскери-патриоттық фильмдер қатарында Капитан Байтасов және Патриоттар уақыты бар. Жалпы бұл бағытта шамамен 5–6 фильм жарық көрген.
Мемлекеттік қолдаумен түсірілетін жобаларға нақты талаптар қойылады. Атап айтқанда, фильмдер міндетті түрде прокатқа шығып, көрермен сұранысына ие болуы тиіс. Бұл қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін енгізілген.
Сондай-ақ жақында әскери-патриоттық және мемлекеттік саясат бағытындағы сериалдарға конкурс жарияланған. Мемлекет жобаларды толық емес, ішінара қаржыландырады. Бұл продюсерлік орталықтарды фильмді нарыққа шығарып, оны белсенді түрде насихаттауға ынталандыруға бағытталған.
