
Қазақстан экономикасында тұрақтану белгілері күшейіп келеді.
Ресми деректерге сәйкес, елде инфляция қатарынан алты ай бойы төмендеп, мемлекеттік бюджет кірістері жоспардан асыра орындалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
2026 жылғы наурыз айының қорытындысы бойынша айлық инфляция 0,6%-ды құрады.
Ал қаңтар және ақпан айларында бұл көрсеткіш тиісінше 1,0–1,1% деңгейінде болған. Жалпы, инфляция 2025 жылдың қыркүйегіндегі 12,9% шарықтау шегінен кейін біртіндеп төмендеп, 2026 жылғы наурызда 11,0%-ға дейін бәсеңдеді. Осылайша, елде инфляция деңгейі қатарынан алты ай бойы төмендеу үрдісін көрсетіп отыр.
Сарапшылардың бағалауынша, қосылған құн салығы (ҚҚС) өзгерісіне байланысты қысқамерзімді баға өсімі толықтай теңестірілген және қазіргі инфляциялық қарқынға айтарлықтай әсер етпейді. Ұлттық экономика министрлігінің болжамына сәйкес, инфляция 2027 жылдың басына қарай бір таңбалы деңгейге дейін төмендеуі мүмкін.
Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік бюджет кірістері де оң динамика көрсетті. Жоспарланған 6,2 трлн теңгенің орнына бюджетке 6,4 трлн теңге түсіп, жоспар 104,4%-ға орындалды. Нәтижесінде 268,7 млрд теңге көлемінде қосымша кіріс қамтамасыз етілді.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджет кірістері 930,6 млрд теңгеге өсіп, 16,9%-дық өсімді көрсетті. Бұл көрсеткіштер республикалық және жергілікті бюджеттердің де жоспарды артығымен орындағанын айғақтайды.
Мамандардың айтуынша, кірістердің артуына экспорттық тауарлар бағасының қолайлы конъюнктурасы, тауарлар мен қызметтерді өткізу көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігі әсер еткен.
Жалпы алғанда, инфляцияның баяулауы мен бюджет кірістерінің артуы ел экономикасында оң үрдістердің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.



