Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қазақстанда мемлекеттік туды қолдану ережелері жеңілдетілуі мүмкін

Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне қатысты жаңа заң нормасы әзірленді. Жобаға сәйкес, көк байрақты балконға ілуге және көлікте алып жүруге рұқсат берілуі мүмкін. Сонымен қатар, туды қолданудың нақты талаптары сақталады: оны киім, төсек жабдығы немесе жарнама мақсатында пайдалануға тыйым салынған. Туды дұрыс пайдаланбаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстанда мемлекеттік туды пайдалану ережелеріне қатысты жаңа өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлайды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін жаңартатын заң жобасын әзірледі. Жаңа нормаларға сәйкес, азаматтарға көк байрақты балконға ілуге және көлікте алып жүруге рұқсат беру қарастырылып отыр.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, туды киім, төсек жабдығы немесе жарнамалық мақсатта қолдануға тыйым сақталады. Сонымен қатар, мемлекеттік ту жерге, суға немесе еденге тимеуі тиіс.

Жобаға сәйкес, балконға орнатылған ту жерден кемінде 3 метр биіктікте орналасуы қажет және терезе немесе балкон сыртына жай ғана жабыстырып қоюға болмайды. Туды көлденеңінен шамамен 45 градус бұрышпен қою талап етіледі, ал түнгі уақытта арнайы жарықтандыру міндетті емес.

Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілі Әсел Құлмағанбет рәміздерді халыққа қолжетімді ету мақсатында осындай өзгерістер енгізіліп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, туды дұрыс пайдаланбаған жағдайда 200 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін, ал мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік таныту қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

Back to top button