Қазақстан Қорғаныс министрлігі биыл Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай әскери парад өткізілмейтінін хабарлады. Оның орнына түрлі әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеме жасап хабарлады.
Атап айтқанда, ерлік сабақтары, үздік әскери қызметкерлерді марапаттау, ардагерлерге құрмет көрсету, экологиялық акциялар, әскери оркестрлердің шеруі, концерттер, әскери техника мен қару-жарақ көрмесі, «Солдат ботқасы» акциясы және ашық есік күндері өткізіледі.
Осылайша, биыл мерекелер дәстүрлі әскери шерусіз, бірақ мазмұнды мәдени және патриоттық шаралармен атап өтілмек.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада өткен іс-шара кезінде 97 жастағы ардагер Теңдік Изақов арнайы тізімде болмағандықтан кіре алмай қалған еді. Бұл жағдай қоғамда сынға ұшырап, кейін қала әкімдігі ардагерден кешірім сұрап, оны 9 мамырдағы рәсімге шақырған.