Жаңалықтар

Қазақстандықтар мемлекет есебінен өз үйін жөндетіп, лифтін ауыстыра алады

 

Ел Үкіметі «кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу» үшін облыстық бюджеттерге берілетін қаражат сомасын анықтады. Бұл туралы Қаржы министрлігінен білдік.

Аталған қаражат облыстарға қайтарымды негізде, арзан бюджеттік кредит түрінде бөлініп отыр.

Сонымен, көп қабатты тұрғын үйлерді бюджеттік қаржы есебінен жөндеу үшін 2024 жылы 13 миллиард 824,5 миллион теңге жұмсалады.

Бюджеттік ақша келесі өңірлердің еншісіне тиді:

Жамбыл облысының тұрғындарына – 5 млрд 968 млн теңге;
Қызылорда облысының тұрғындарына – 2 млрд 111,3 млн теңге;
Түркістан облысының тұрғындарына – 1 млрд 673,5 млн теңге;
Атырау облысының тұрғындарына – 1 млрд 337,6 млн теңге;
Ақтөбе облысының тұрғындарына – 1 млрд 70,7 млн теңге;
Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына – 879,2 млн теңге;
Павлодар облысының тұрғындарына – 784,1 миллион теңге таратылады.
Бір қарағанда, 7 облысқа 14 миллиард теңгедей қаражат аз көрінеді. Себебі, қазіргі кезде құрылыс жұмыстары да, құрылыс материалдары да қымбаттауда. Салдарынан, үйге жөндеу жүргізу шығыны баспана салу құнына таяп қалды.

Дегенмен, 2023 жылы осы бағдарламаға республикалық бюджеттен небәрі 2 млрд 435,6 млн теңге ғана бөлінгенін ескерсек, шығыстардың 5,6 еседен астамға артуын жақсыға жоруға болады.

Бұл қаражаттар тек қалалықтарға, соның ішінде меншік иелері бірлестіктері (ОСИ), жай серіктестіктер арқылы көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге беріледі.

Бюджеттік қаржыны тарату алгоритмі келесідей болады деп күтілуде. Біріншіден, Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері аталған облыстардың әкімдіктерімен үшжақты кредиттік шарттар жасасады. Жергілікті шенеуніктердің аталған кредиттік шарттардың негізгі және қосымша талаптарын орындауына да, ел қаржысының жолай талан-тараж болмай, тұрғын үй қорын қалпына келтіруге нысаналы, тиімді пайдаланылуына, әрі кейін өтелуіне осы қос ведомство жауапты болады.

Екіншіден, облыстардың мәслихаттары бюджеттерге тиісті түсімдерді қабылдап алатын шешім шығарады. Бұл шешімдерді жергілікті атқарушы органдар Қаржы министрлігіне ұсынады.

Үшіншіден, Қаржы министрлігінің Қазынашылығы тиісті ақшаны өңірлерге аударады.

Төртіншіден, әкімдіктер тұрғын үй иелерінің жиналыстарында қабылданған шешімдер негізінде қандай үйлер бюджет есебінен жөнделетінін анықтайды. Бесіншіден, түпкі қарыз алушымен – пәтер және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерімен кредиттік шарттар жасасады.

Әкімдіктер кредиттердің игерілуі және не істеліп жатқаны туралы әр ай сайын Қаржы, Құрылыс министрліктеріне есеп беріп тұрады.

Бұрын бұл бағдарламаға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауап беретін. Оның орнына құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшысы Қанат Шарлапаев былтырғы 2023 жылғы 10 қарашадағы бұйрығымен көп пәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу тәртібін өзгертті.

Ведомствоның түсіндіруінше, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу тәртібі тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізілуіне байланысты қайта қаралып отыр.

Атап айтқанда, тұрғын үйді басқарудың жаңа формасының пайда болуына орай «жай серіктестік» (простое товарищество), «көппәтерлі тұрғын үй мүлкі иелерінің бірлестігі» терминдері қарастырылды. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу ұғымы нақтыланды.

Бұрынғы қағидалар бойынша тұрғын үйді күрделі жөндеу үшін сондағы баспана мен мүлік иелерінің үштен бірінің, мысалға, 100 пәтер мен коммерциялық үй-жай болса, соның кем дегенде 67-сінің қожайынының келісімі талап етілетін. Бұл шешім қабылдау рәсімін қиындатып, мерзімін ұзартып жіберді.

Енді талап жеңілдетіліп отыр. МИБ/ПИК жиналысына қатысқандардың жартысынан көбі келіссе, сол жеткілікті.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close