Жаңалықтар

Қазақтың салтымен тәрбиеленіп жатқан Адай Қазақстанның азаматтығын алғысы келеді

2021 жылы Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласының перзентханасында шетелдік отбасының шыр етіп дүниеге келген нәрестесіне Адай-Джоаш есімі берілді. Сәбидің ата-анасы – Нигерия азаматтары Фрайдей Адере мен Мерси Адере кейінгі 6 жылдан астам уақыттан бері елімізде тұрады. Агенттік тілшісі Фрайдей Адереге хабарласып, еліміздегі өмірі жайлы сұрап білді.

Жалпы, әрбір саналы отбасы бала дүниеге келгенде оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Өйткені есім онымен ғұмыр бойы бірге болады. Кейбіреулер заманға сай, ел арасында кең таралған заманауи есімдерді қойып жатса, енді бірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың, мемлекет пен қоғам қайраткерлерінің, ұлы ақын-жазушылардың есімін баласы сондай азамат болсын деген ырыммен қояды. Осы тұрғыдан алғанда қалың адайдың ортасында өмір сүріп жатқан Фрайдейге де қазақтың ырымшылдығы жұққан сияқты. Олай деуімізге себеп – ұлының есімін ырымдап Адай деп қоюы.

«Адай осыдан үш жыл бұрын Жаңаөзен қаласында дүниеге келді. Сол кезде мен оның дүниеге келу құрметіне орай қой сойдым. Сол сәт таспаланған видео барлық жерге тарап кетті. Ұлыма Адай деген есім бердім. Өйткені адайлардың нағыз ержүрек, жауынгер келетіндігін естіген едім», — деді Фрайдей.

Нигериялық азаматтың осы бірауыз сөзінен ырымшыл болумен қатар, қазақтың салт-дәстүрін де ұстануға тырысатындығын байқауға болады. Себебі, қазақтар дүниеге бала келгенде қой сойып, құдайы тамақ беріп, жаңа босанған анаға қалжа жегізеді.

Жаңа босанған анаға «қалжа» берудің зор маңызы бар. Әйел белін тез бекітіп, қол-аяғын бауырына алады. Қазақы салт-дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова да бір жазбасында жас ананың босанғаннан кейінгі күтіміне қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз екендігін, қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болатындығын, баланың тез ет алып өсуіне әсер ететіндігін жазған болатын.

«Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі», — деді Зейнеп Ахметова.

Отбасымен бірге Жаңаөзенде тұрып жатқан 49 жастағы Фрайдей Адере Халықаралық ағылшын тілі орталығында мұғалім болып жұмыс істейді. Бұған дейін ол Астана мен Алматы қалаларында да тұрған. Бірақ, жанына жақын болғаны – Жаңаөзен қаласы.

«Қазақстанда тұрып жатқаныма 6 жылға жуық уақыт болды. Отбасыммен саяхаттағанды жақсы көргендіктен елдеріңізге келіп қоныстандық. Мен үшін Қазақстан – өте қызықты ел. Бұған дейін, Батыс Африканың барлық 16 мемлекетінде, Әзербайжан, Уганда, Кения, Эфиопия елдерінде, Дубай, Чикаго сынды өзге де қалаларда болдық»,- деді Адайдың әкесі.

Фрайдей мен Мерси қазақ топырағында дүниеге келген Адайдың Қазақстан азаматтығын алғанын қалайды. Олардың Адайдан басқа да балалары бар. Алды университет бітірсе, кейінгілері өзге елдердің жоғары оқу орындарына түсуге дайындалып жүр. Фрайдей барлық баласының Қазақстанға келіп, осы жерде білім алғанын қалайды. Алайда тілдік кедергінің бар екендігін, әсіресе қазақ тілін үйренудің қиындығын жасырмайды. Сонда да ол ерте ме, кеш пе, балалары түгел Қазақстанға міндетті түрде келетіндігіне нық сенімді.

Фрайдей қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін, әсіресе Наурыз мейрамын жақсы көреді.

«Қазақ халқы өте жайдары, қайырымды, бауырмал әрі қонақжай. Мен үшін Наурыз мейрамы өте әсерлі әрі көркем. Сонымен қатар қазақтың дәстүрлі тағамдарын, әсіресе Наурыз көжені жақсы көремін. Ұлттық киімдеріңіз де бар. Оны әдетте Наурыз мейрамында киіп жүремін. Өйткені бүгінде өзімді қазақ сезінемін. Менің ең сүйікті тағы бір тағамым – ет», — деді Фрайдей.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close