Жамбыл облысы Қордай аудандық соты 2,5 миллион теңгені өндіру туралы азаматтық істі қарады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы азамат А жауапкер әйелмен шамамен 4–5 ай аралығында қарым-қатынаста болып, отбасын құруды жоспарлаған. Осы кезеңде ол әйелге және оның екі баласына қаржылай қолдау ретінде бірнеше рет ақша аударған. Кейін қарым-қатынас тоқтаған соң, ер адам берілген қаражатты қайтаруды талап еткен.
Талап қоюшы соттан жалпы 2,5 миллион теңге және мемлекеттік бажды өндіріп беруді сұрады. Алайда жауапкер бұл талаппен келіспей, қаражаттың өз еркімен және қайтарымсыз негізде берілгенін мәлімдеді.
Сот процесі барысында ақша аударымдарының ерікті түрде жасалғаны және оларды қайтару жөнінде тараптар арасында ешқандай келісім болмағаны анықталды. Осыған байланысты қаражат қарыз ретінде емес, қайтарымсыз материалдық көмек ретінде бағаланды.
Нәтижесінде сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Шешім заңды күшіне енді.