Әлеуметтік желілерде блогердің қатысуымен болған төбелес видеосы тарады. Оқиғаға қатысты Қостанай облысының полициясы пікір білдірді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Оқиға Қостанай қаласында болған. Бұған дейін блогер аутизм спектрі бұзылған және онкологиялық ауруы бар балалардың ата-аналарына қатысты айтқан пікірлері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлегені белгілі.
Бұл жолы жанжал әлеуметтік желіден тыс ортада жалғасып, блогердің қатысуымен төбелеске ұласқан. Желіде тараған видеода жанжалға оның туыстары да араласқаны байқалады.
Қалалық полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген. Алдын ала деректер бойынша, жанжал әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде басталып, кейін жеке кездесуде жалғасып, төбелеске ұласқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Полиция тергеу қорытындысы бойынша әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін осы блогерге қатысты ерекше балалардың ата-аналарына бағытталған даулы видеолар тараған еді. Сот оған 20 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салған болатын.
Толығырақ: Tengrinews.kz.



