Әлеумет және қоғам

Қожа Ахмет Ясауи мұрасын насихаттау бойынша 2026–2028 жылдарға іс-қимыл жоспары бекітілді

Қазақстан Үкіметі 2026–2028 жылдарға арналған Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттауға арналған іс-қимыл жоспарын мақұлдады. Жоспар Түркістанды рухани туризмнің орталығы ретінде дамытуға, жастар мен мектеп оқушыларымен жұмыс істеуге, ғылыми, мәдени және халықаралық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Барлығы 37 іс-шара қарастырылған.

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026-2028 жылдарға арналған Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ілгерілету және насихаттау жөніндегі іс-қимыл жоспарын мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп хабарлады.

Жоспарда ұлы ойшылдың мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау, сондай-ақ Түркістан қаласын рухани туризмнің негізгі орталықтарының бірі ретінде дамытуға бағытталған 37 іс-шара қарастырылған. Олардың ішінде:

Институционалдық және құқықтық базаны жетілдіру;

Ғылыми-зерттеу және білім беру жобалары;

Мәдени-ағартушылық және шығармашылық іс-шаралар;

Ақпараттық-имидждік және халықаралық шаралар;

Қалпына келтіру және реставрациялық жұмыстар.

Жоспарда жастар мен мектеп оқушыларымен жұмыс жасауға ерекше мән берілген. Түркістанда дәстүрлі «Ясауитану» байқауының республикалық кезеңі өтеді, музей жанынан «Ясауитану» клубы ашылады.

Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи шығармалары мен ғылыми еңбектерін басып шығару, мұрағат материалдарын жинақтау, туристерге арналған аудио және бейне гидтер, жаңа туристік маршруттар әзірлеу, ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу жоспарланған.

Жоспар ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында Ясауидің жазба мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік береді, мәдени күндер мен Ясауи жылын жариялау мәселелерін қарастырады.

Бұл іс-шаралар Түркістанның рухани, мәдени және туристік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ұлы ойшылдың мұрасын ел ішінде және шетелде кеңінен танытуға бағытталған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button