Әлеумет және қоғам

Маңғыстауда жерасты суы үйлерді басып, тұрғындар көмек сұрады

Маңғыстау облысындағы Атамекен ауылында жерасты сулары көтеріліп, бірнеше үйді су басып қалды. Тұрғындар бұл мәселе жыл сайын қайталанатынын айтып, биліктен кәріз жүйесін жүргізуді немесе халықты қауіпсіз жерге көшіруді талап етіп отыр.

Маңғыстау облысындағы Атамекен ауылында жер асты сулары көтеріліп, бірнеше тұрғын үйді су басып қалды. Көктем сайын қайталанатын бұл мәселе биыл да ауыл тұрғындарын қиын жағдайға қалдырды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Тұрғындардың айтуынша, жер астынан шыққан су үйлердің ішіне дейін кіріп, қалыпты өмір сүруге кедергі келтіріп отыр. Кейбір тұрғындар бөлмелерге тек резеңке етікпен ғана кіре алатынын айтады. Олар үй ішіндегі заттарын сыртқа шығарып, жиналған суды арнайы техниканың көмегімен сорғызуға мәжбүр.

Ауыл тұрғыны Ұлдай Жансайытованың сөзінше, су бірнеше рет сорылғанымен, мәселе толық шешілмей отыр. Оның айтуынша, бұл жағдай денсаулығына да кері әсер еткен.

«Кеше де суды үш рет сорып кетті. Әр жолы 6 текше метрлік техника келді. Бірақ қанша сорса да, үйдің ішінде су бәрібір қалып қояды. Мен бұл ауылға 2022 жылы денім сау болып көшіп келген едім. Қазір артритке шалдықтым. Әр алты ай сайын ауруханаға жатамын. Енді маған мүгедектік беру мәселесі қаралып жатыр», – деді ол.

Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай ауылда жыл сайын қайталанады. Көктем мезгілінде олар тасқын сумен емес, жер асты суымен күресуге мәжбүр болады.

Жергілікті тұрғын Жамбыл Дінбай бұл мәселені түбегейлі шешу үшін ауылға кәріз жүйесін тарту немесе халықты қауіпсіз жерге көшіру қажет екенін айтты.

Қазіргі уақытта 43 мыңға жуық халқы бар Атамекен ауылында 20-дан астам су сорғысы жұмыс істеп жатыр. Мұнайлы ауданы әкімдігінің мәліметінше, жер асты суларының көтерілуіне байланысты уақытша шаралар қабылданған.

Әкімдік өкілдері мәселені толық шешу үшін ауылға кәріз жүйесін салу қажеттігін атап өтті. Жобаның сметалық құжаттары өткен жылы бекітілген. Алайда жұмысты бастау үшін шамамен 2,5 миллиард теңге қаржы қажет.

Back to top button