Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Петропавлда ет тартқышқа қолын қысып алған 21 жастағы жігітке ота жасалды

Петропавлда ет тартқыштан қолы ауыр жарақаттанған 21 жастағы жігітке шұғыл операция жасалды. Дәрігерлер оның зақымданған саусақтары мен қолының қызметін барынша сақтап қалуға тырысқан.

Петропавлда ет тартқышқа қолын қысып алып, саусақтарынан айырылған 21 жастағы жігітке шұғыл ота жасалды. Жас жігіттің қол сүйектері, сіңірлері мен жұмсақ тіндері де зақымданған. Бұл туралы Qandastar.kz медициналық мекемеге сілтеме жасап хабарлады.

Ауруханаға түскен кезде науқастың жағдайы ауыр болған. Оның саусақтарының бір бөлігі ет тартқыштың ішінде қалып, қатты жарақаттанған.

Жігіт шұғыл түрде травматология бөлімшесіне жатқызылып, дәрігерлер операцияға кіріскен. Мамандардың негізгі мақсаты – қолдың мүмкіндігінше көп бөлігін сақтап, кейін оның қызметін қалпына келтіруге жағдай жасау болған.

Операция кезінде зақымданған қол темір конструкциялар арқылы бекітіліп, жараларға хирургиялық өңдеу жүргізілген. Сондай-ақ зақымданған сіңірлер қалпына келтіріліп, саусақтардың сақтап қалуға болатын бөліктері аман қалған.

Ота травматолог-ортопедтер Евгений Никонов пен Ислам Қуандықовтың қатысуымен жасалды. Анестезиолог-реаниматолог – Мансур Сибагатуллин, операциялық мейіргер – Ирина Волынец.

Хирургиялық емнен кейін науқас ауруханада 16 күн жатып, қалпына келу кезеңінен өтті.

Дәрігерлер мұндай жағдай тұрмыстық техника мен түрлі механизмдерді пайдаланған кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.

Back to top button