
Қазақстан Қытайдың банкаралық облигациялар нарығында ірі мәмілеге қол жеткізді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ел 6,6 млрд юань, яғни шамамен 983 млн доллар көлемінде «панда-облигация» орналастырды.
Бұл – Орталық Азия мемлекеттері арасындағы бір реттік орналастырудың ең жоғары көлемі.
Қаржы екі түрлі мерзімге шығарылған облигациялар арқылы тартылды. Оның 5 млрд юані 3 жылдық, жылдық мөлшерлемесі 1,82% болатын облигацияларға тиесілі. Ал қалған 1,6 млрд юань 5 жылдық, мөлшерлемесі 1,95% облигациялар түрінде орналастырылды.
Бұл Қазақстанның Қытай нарығына биылғы екінші шығуы. Мамыр айында ел 3,4 млрд юань көлемінде алғашқы тәуелсіз «панда-облигацияларын» шығарған болатын.
Осы екі мәміленің жалпы көлемі 10 млрд юаньға жетті. Сарапшылардың пікірінше, бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржылық байланыстарды күшейтіп, екі елдің капитал нарықтарының өзара ықпалдастығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мәмілені ұйымдастыруға Қытайдың ірі қаржы институттары қатысты. Қазақстан тарапынан жалғыз жергілікті менеджер ретінде Teniz Capital Investment Banking жұмыс істеді.
Bank of China өкілдері бұл орналастыру Қытай капитал нарығының халықаралық деңгейде тартымды екенін көрсететінін атап өтті.
Сонымен бірге мәміле юаньның халықаралық қаржы нарығындағы рөлін күшейтуге ықпал етпек.



