Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Жүкті әйелдер мен студенттер емханаға тіркелу тәртібін өзгертеді

Жүкті әйелдер мен жас аналар нақты тұратын жері бойынша емханаға тіркеле алады. Ал студенттер өзіне жақын медициналық ұйымды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Жаңа тәртіптің негізгі талаптары түсіндірілді.

Жүкті әйелдер, жас аналар мен студенттер емханаға қалай тіркеле алады деген сұраққа мамандар жауап берді, дейді Qandastar.kz сайты.

Жүкті әйелдер мен жақында босанған аналар тұрғылықты жері бойынша тіркеуде тұрған-тұрмағанына қарамастан, нақты тұратын мекенжайына жақын емханаға тіркеле алады.

Маман Нұргүл Аждарованың айтуынша, бұл өзгеріс жүкті әйелдердің бір мекенжайда тіркеліп, басқа жерде тұруына байланысты енгізілген.

Мысалы, облыста тұратын жүкті әйел босануға жақын уақытта қаладағы туыстарына келіп, бірнеше ай солардың үйінде болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол нақты тұратын жері бойынша емханаға тіркелуге мүмкіндік алады.

«Жүкті әйел немесе жас ана мен оның баласы медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында болуы керек. Сондықтан осындай өзгеріс енгізілді», – деп түсіндірді маман.

Студенттер емханаға қалай тіркеледі?

Бұған дейін студенттер арнайы студенттік емханаға тіркелетін. Алайда мұндай медициналық ұйым оқу орнына жақын болғанымен, студенттің тұратын жерінен алыс орналасуы мүмкін еді.

Жаңа тәртіп бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері өздері тұратын үйге жақын емхананы таңдай алады. Яғни медициналық ұйым студенттің нақты тұратын жеріне қарай белгіленеді.

Ал басқа қала немесе елді мекеннен келген студенттер үшін бұрынғы тәртіп сақталады. Олар денсаулық сақтау басқармасы бекіткен студенттік емханаға тіркеледі.

Нұргүл Аждарованың айтуынша, студент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен жұмыс істейтін кез келген емхананы таңдай алады. Алайда таңдалған медициналық ұйым студенттің өзі тіркелген әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында орналасуы қажет.

Қандай жағдайда емханаға тіркелу белсенді емес деп танылады?

Медициналық ұйым әр тіркелген пациент үшін оның дәрігерге қаншалықты жиі жүгінетініне қарамастан, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан жан басына шаққандағы норматив бойынша қаржы алады. Бұл сома бір адамға айына шамамен 2 мың теңгені құрайды.

Егер пациенттің емханаға тіркелу мәртебесі белсенді емес деп танылса, медициналық ұйымға бұл қаражат есептелмейді.

Тіркелу мәртебесі мына үш жағдайдың барлығы бір уақытта болған кезде ғана белсенді емес деп танылады:

адамның Қазақстан аумағында тіркеуі болмауы;

жеке куәлігінің немесе Қазақстан азаматы паспортының жарамдылық мерзімі өтуі;

үш жыл немесе одан да көп уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбеуі.

Бұл талаптардың үшеуі де қатар орындалуы керек. Мысалы, адам үш жыл бойы емханаға жүгінбегенімен, оның Қазақстанда тіркеуі бар және жеке куәлігінің мерзімі өтпеген болса, ол емханаға кедергісіз тіркеле алады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button